Катонқарағай ауданының мәдени күндері өтеді
Өскемен қаласында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында шығыс өңірінің табиғаты көркем, өнері өрелі Катонқарағай ауданының мәдени күндері өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
17 қазан күні сағат 18:00-де облыстық филармонияның көрермендер залында (Өскемен қ., Протозанов көшесі, 43) Катонқарағай ауданының шығармашылық ұжымдарының концерті ұйымдастырылады. Кеш алдында ауданның қолөнер және бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесі, «Берел» қорық-мұражайының жәдігерлері, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік өнімдерінің көрмесі ұсынылады.
Ал 18 қазан күні сағат 08:00-де Өскемен қаласындағы «Шығыс Алтай» сауда орталығының алаңында (Жібек жолы даңғылы, 44) ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен көркемөнерпаздар концерті өтеді. Сондай-ақ арқан тарту, бал көтеру, қой көтеру, қымыз ішу, қол күрес сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады.
Барша өскемендіктер мен қала қонақтары Катонқарағай ауданының мәдени күндеріне шақырылады.