KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 2 м/с, В
504.49 587.73 6.57

Қазақстан мен Ресей аграрлық сектор мамандарын бірлесе даярлайды

12.11.2025, 13:00 124 Базарова Айгүл

Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XXI форумы аясында «Агроөнеркәсіптік кешен – азық-түлік қауіпсіздігі үшін кадрлар мен технологиялар» тақырыбында панельдік сессия өтті. Шарада екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы кадр даярлау жүйесін жетілдіру және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сессияны ашқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» басқарма төрағасы Бауыржан Асанов агроөнеркәсіптік кешендегі кадр саясатының стратегиялық маңызын атап өтті.

– Бұл панельдік сессия – агроөнеркәсіптік кешендегі кадр даярлау мәселелерін талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаңа шешімдер іздеуге арналған маңызды алаң. Қазақстанда биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Ортақ міндетіміз – еңбек беделін арттырып, ауыл шаруашылығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлауға жағдай жасау, – деді ол.

Талқылау барысында кадрлық әлеуетті дамыту, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ аграрлық мамандықтарды заманауи талаптарға бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде ауыл шаруашылығы саласында жыл сайын шамамен 5 мың жұмысшы маманға сұраныс бар. Бұл қажеттіліктің бір бөлігі аграрлық колледж түлектері есебінен өтеледі.
Қазіргі аграрлық сала мамандардан агрономия мен зоотехния саласындағы біліммен қатар цифрлық технологияларды, автоматтандыру жүйелерін, GPS-навигация мен биотехнологияларды меңгеруді талап етеді.

Сессияға мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар Қазақстан мен Ресейдің жоғары және орта арнаулы білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Олар кадрлық қамтамасыз ету агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуының басты факторы екенін атап өтті.

Талқылауда жеке бағыт ретінде жастарды ауылдық жерлерге тарту, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту, баспанамен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

– Бүгінде ауылда еңбектің жаңа моделі – «ақылды ауыл шаруашылығы» қалыптасып келеді. Мұнда инженерлік, аграрлық және IT-құзыреттер біріктіріледі. Аграрлық секторды дамыту және ауылдағы өмір сапасын арттыру тек ынталы әрі технологиялық тұрғыдан дайын мамандардың арқасында мүмкін, – деді Бауыржан Асанов.

Форум қорытындысында тараптар аграрлық саладағы кадр даярлау, тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру бағытында ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендерін мәлімдеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу