Аида Балаева Орталық Азия министрлерінің кездесуінде креативті өнімдердің бірыңғай маркетплейсін құруды ұсынды
Ташкент қаласында Орталық Азия елдерінің мәдениет министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мәдениет министрліктерінің басшылары, сондай-ақ құрметті қонақ ретінде Әзербайжанның Мәдениет министрі қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әріптестеріне жылы лебізін білдірген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл алғашқы кездесудің Орталық Азия елдері арасындағы мәдени ынтымақтастық тарихындағы маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл кездесу өңір елдерінің мәдени байланыстарын нығайтып, өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген ортақ ұмтылыстың айқын дәлелі.
Аида Балаева Орталық Азияның мәдени күнтізбесін әзірлеу бастамасын ұсынды. Бұл құжат өңірдегі маңызды мәдени шараларды жүйелеуге және біріктіруге мүмкіндік береді.
Министр, сондай-ақ Орталық Азияның Мәдени турне платформасын іске қосуды ұсынды. Бұл механизм өңірлік гастрольдік бағдарламаларды, ретроспективалық көрмелерді және архивтік фильмдерді міндетті түрде цифрландыруды көздейтін аймақаралық кинокөрсетілімдерін жыл сайын тұрақты түрде өткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге министр ғылыми және тарихи ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды.
Сөз соңында министр Орталық Азияның бірыңғай цифрлық платформасын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл заманауи креативті индустриялар маркетплейсі қолөнершілерді, дизайнерлерді, зергерлерді және шығармашылық саланың басқа да өкілдерін насихаттауға арналған орта болмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан арғы ынтымақтастықтың негізгі міндеттері мен бағыттарын айқындаған хаттамаға қол қойды. Құжат аясында сондай-ақ «Орталық Азияның мәдени бренді» тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі


