KZ
Өскемен
-27°
туман жел 2 м/с, СШ
517.66 606.49 6.44

Азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлер жазаланады

14.11.2025, 17:30 153 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын заңға сәйкес сақтау қажеттігін ескертеді. Бағаны асыра көтергені үшін жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ағымдағы жылы департамент 155 құқықбұзушылықты тіркеді, оның ішінде 77 жағдай баға шектен асқаны үшін болған. Тұрғындар бағаның заңсыз өскенін байқаса, шағым түсіруге құқылы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар дегеніміз – күнделікті сұранысқа ие, тұрғындар бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктер. Олардың халыққа қолжетімді болуы, бағасы мемлекет тарапынан бақыланады. Заңнамаға сәйкес сатушы әлеуметтік азық-түлік түрлеріне баға белгілеген кезде өзі сатып алған бағасына 15%-дан артық үстеме баға қоюға тыйым салынған. 

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабына сәйкес әлеуметтік азық-түлікке 15 пайыздан артық сауда үстемесін қосқаны үшін жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5 айлық есеп көрсеткіші (АЕК) (19 660 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК (137 620 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (589 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде бұл әрекет қайталанса, жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (39 320 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 АЕК (275 240 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК (1 179 600 теңге) айыппұл салынады. 

Ағымдағы жылдың басынан бері департамент 155 әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеді, оның ішінде 77-сі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15%-дан асатын үстеме баға қойғаны үшін. Тексеру іс-шараларының нәтижесінде 50 «ескерту» түрінде хаттама толтырылса, 27 кәсіпкерге жалпы сомасы 285 070 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Егер әлеуметтік азық-түлік бағасының қымбат екенін көрсеңіз, оның аз уақытта жоғарылап кеткенін байқасаңыз, саудагер бағаны аса көтеріп қойды деп есептесеңіз, департаментке шағым түсіруге құқылысыз.

Департаменттің байланыс телефондары: 8 (7232) 26-72-07, 61-41-21. Сонымен қатар Е-Өтініш порталы арқылы, сондай-ақ Өскемен қаласы, 30-шы гвардиялық дивизия көшесі, 22 мекенжайына келіп жүгіне аласыз немесе өзіңіз тұрған жердегі жергілікті әкімдікке өтініш қалдыра аласыз. 

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне 19 түрлі азық-түлік енеді, олар – бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны, күнбағыс майы, рожки өнімдері (өлшенетін), сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі сүйегімен), тауық еті (жамбас және жіліншік сүйектерімен ет бөлігі), қарақұмық жармасы (өлшенетін), тазартылған күріш (өлшенетін), қант (ақ қант ұнтағы), тауық жұмыртқасы (бірінші санат), сәбіз, пияз, картоп, орамжапырақ, сары май (тұзсыз, майлылығы кемінде 72,5%, қоспасыз және өсімдік майларынсыз), айран (майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада), сүт (пастерленген, майлылығы 2,5%, жұмсақ қаптамада), сүзбе (майлылығы 5-9%), тұз (ас тұзы, «Экстрадан» басқа).



Ержан Әбіш 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу