KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 7 м/с, СБ
517.66 606.49 6.44

Байланыс мамандары – құтқарушылардың сенімді көмекшілері 

16.11.2025, 10:00 164 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінде цифрландыру мен ақпараттық технологиялардың рөлі күннен-күнге артып келеді. Әсіресе байланыс мамандарының еңбегі ведомствоның тиімді және үздіксіз жұмыс істеуінің негізгі тірегі болып отыр. Қызметкерлердің күнделікті еңбегі көбіне қарапайым тұрғындарға көрінбесе де, оларсыз төтенше жағдайларда ведомство толыққанды әрекет ете алмайтын еді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Байланыс және информатизация бөлімі мамандарының негізгі міндеті – төтенше жағдайлар туралы ақпараттарды қабылдау, тарату және бақылау. Құтқарушылардың радиобайланыс арқылы дер кезінде ақпарат алуы, халықтың дауылды ескертулер мен төтенше жағдайлар жөніндегі хабарламалармен қамтамасыз етілуі де осы мамандардың кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты.

Облыс бойынша сиреналы-дауыс зорайтқыш құрылғылардың орнатылуы тұрғындарды төтенше жағдайдан алдын ала хабардар ету үшін маңызды. Биыл жергілікті бюджет есебінен 33 жаңа құрылғы орнатылды. Бұл құрылғылар облыстың барлық қалалары мен аудан орталықтарында жұмыс істейді. Сонымен қатар кабельдік телевидение операторларының хабар тарату жүйесі енгізіліп, телехабар арқылы облыс тұрғындары дауылды ескертулер мен төтенше жағдайлар жөнінде жедел ақпарат ала алады.

Биыл Төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекші пультіне қосылған «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешені арқылы бейнебақылау камераларының сигналы тәулік бойы бақылауда. Бұл жүйе өрт жағдайын және басқа да төтенше оқиғаларды дер кезінде анықтап, құтқарушыларға әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар информатизация, цифрландыру және байланыс бөлімі «Toyota Hilux» базасындағы жедел әрекет ету автомобилімен қамтамасыз етілді. Бұл көлік спутниктік байланыспен, деректерді беру терминалымен, бейнеконференция жүйесімен және дронмен жабдықталған. Құрал-жабдықтар төтенше жағдайлар кезінде құтқарушылардың жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.

Төтенше жағдайлар департаментінің байланыс мамандары – тәжірибесі мол офицерлер мен қызметкерлер. Олар үздіксіз кәсіби шеберлікті арттыру арқылы құтқару бөлімшелерінің жұмысын тиімді ету, ақпараттық жүйелер мен заманауи байланыс құралдарын жетік қолдану бағытында еңбек етеді.

Мамандардың айтуынша, цифрландыру мен заманауи байланыс жүйелері – тек ақпарат таратушы ғана емес, сонымен қатар құтқарушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды фактор. Ел Президенті қойған міндеттерді орындау, цифрлық трансформация бағдарламасын іске асыру да осы қызметкерлердің кәсіби деңгейімен тікелей байланысты.

Төтенше жағдайлар кезіндегі ақпараттың жылдамдығы мен нақтылығы – адам өмірін сақтаудың басты шарты. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті байланыс мамандарының еңбегі ерекше бағалануға лайық. Оларсыз радио мен бейнебайланыс жүйелері жұмыс істемей, халық уақытылы хабардар болмай, өрт немесе су тасқыны сияқты апаттарда зардап шегуі мүмкін.

Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар департаментінде инновациялық байланыс құралдары мен цифрлық технологияларды қолдану жүйелі түрде дамытылуда. Бұл – облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, құтқарушылардың жұмысын жеңілдететін және төтенше жағдайларды барынша тез әрі тиімді басқаруға мүмкіндік беретін сенімді тірек.



Ержан Әбіш

Фото: ШҚО ТЖД 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу