Қазақстанға Ресейден 20 тонна құс етін заңсыз әкелмек болған
«Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде Ресейден Қазақстанға ірі көлемде заңсыз құс етін өткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Самара облысынан Қызылорда облысына бет алған жүк көлігі міндетті тексеру кезінде тоқтатылған. Құжаттарды қарау барысында жүкте талапқа сай рәсімделмеген 20 тонна құс еті бар екені белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде өнімді шығарған кәсіпорын ЕАЭО реестріне енбегені және Қазақстан аумағына жануарлардан алынатын өнім экспорттауға рұқсаты жоқ екені анықталды.
Ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталмауына байланысты жүк көлігі кері қайтарылды. Көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.
Биылғы жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысында ветеринариялық заңнаманы бұзудың 204 фактісі тіркелген. Нәтижесінде 204 көлік кері қайтарылып, 130 әкімшілік хаттама рәсімделген. Салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 11 млн теңгеден асады.