KZ
Өскемен
-20°
плотный туман жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

Айсұлу Байгерееваның өрнек әлемі

18.11.2025, 20:30 161 Базарова Айгүл

Катонқарағай ауданының дәстүрлі «Туған жер – алтын бесігім!» өңірлік жобасы аясында өткен мәдениет күндері биыл да ерекше бір жылылық пен рухани тереңдікке толы болды. Қолданбалы-декоративтік өнер шеберлері, ауылдағы қолөнершілер, суретшілер мен ұлттық нақыштағы бұйым жасайтын азаматтар бас қосқан көрме сан алуан дүниелерге бай еді. Бірақ, осы мол мұраның ішінен көптің назарын еріксіз аударған туындылар — Айсұлу Байгерееваның қолынан шыққан, өткен мен бүгіні тоғысқан сырмақтар. Бұл сырмақтар — киізден жасалған жәй ғана тұрмыстық зат емес, тұтас шежіре. Уақыттың иірімін, ұрпақтың ұлы жолын, қазақтың жан әлемін бойына сыйдырған киелі дүние, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ҚОЛӨНЕРДІҢ КИЕЛІ МӘНІ 

Ауыл қолөнершілерінің теңдессіз шеберлігі мен жарқын туындыларының маңызын табиғи үйлестірген сирек өнер түрлерінің бірі - қазақтың ұлттық мәдениеті мен тұрмысының ажырамас бөлігі саналатын өрнекті киізден жасалған сырмақтар. Айсұлу Байгерееваның қолөнері осы ерекше дүниені жасауға негізделген. 

Қазақтың тұрмысымен біте-қайнасқан киіз үй мәдениетінің, қоныс тіршілігінің, қыз-келіншек тәрбиесінің жүрек тұсынан орын алатын сырмақтар — біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлшегі. Бір кездері әр үйде қыздар жүн түтіп, киіз басып, өрнек қиып өскен. Бұл — өнер ғана емес, шаңыраққа береке әкелетін, жас келіннің жаңа отбасындағы орнын айқындайтын, қыздың босаға аттар алдындағы ең үлкен сынағының бірі болатын.

Ересек және орта буын үшін киізден немесе қой жүнінен ежелгі әрі қарапайым тәсілмен тоқылған еденге немесе қабырғаларға ілінетін өрнекті кілемдерді үй ішінде көру үйреншікті құбылыс еді. Заман көші жылжып, өзге халықтардың мәдениеті мен өнерімен тереңірек танысқан сайын әжелеріміз бен аналарымыздың таланты көп жағдайда анағұрлым тапқыр, қызықты болғанын терең сезіне түсеміз. 

Жас буынның көпшілігіне өткен күннің бұл көріністері қазір ертегі секілді көрінсе де, алдыңғы буын үшін өрнекті сырмақ — үйдің сәні ғана емес, ұлттық жадының символы еді. Қарапайым қой жүнінен жасалған осы киіз туындыларда терең философия, тұрмыстық даналық және аңыздармен астасқан мифологиялық таным бар еді.

Жуырда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық конференциясының ғылыми баяндамаларында сырмақтардағы мүйіз өрнектердің таралу тарихы Ұлы дала шеңберінен асып, түркі дүниесінің түп тамырымен сабақтасып жатқаны айтылды. Демек, ата-бабамыздың киізге түсірген өрнегі — жай сәндік емес, тұтас мәдени код.

Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылынан шыққан белгілі жазушы Оралхан Бөкей де бұл туралы жазған болатын. Бір шығармасында жазушы көрші мемлекет аумағында жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған сырмақтардағы оюлар өз үйінің еденіндегі сырмақтардан еш айнымайтынын атап өтеді. 

ӨЗ ЕЛІНЕ – ӨЗ ҚОЛЫМЕН 

Шебердің қолынан шыққан сырмақтар дәл осы дәстүрдің бүгінгі жалғасы. Оның әр бұйымында — көне өнердің нәзік иірімі, қолдың табы, жүректің жылуы бар. Шебердің сөзінше, ол ешқашан өнерді насихаттау мақсатымен көрмеге қатысуды көздемеген, тек туған жерінің мәдени өміріне үлес қосу, анасы мен әжесі үйреткен өнерді өшірмей сақтау үшін келген.

– Бұрын үй жағдайында сырмақ немесе алаша дайындау күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің бір бөлігі еді, – дейді Айсулу Байгереева. – Бұдан бизнес жасап, оқу курстарын ұйымдастыру, өзгелерге шеберлік негіздерін үйрету, қазіргі заманғыдай сәнге айналдырып, түрлі байқауларға қатысу деген ой мүлде болушы ма еді?! Ең бастысы біз үшін бұл үй шаңырағын әрлеу, ана ретінде қызға лайықты жасау, ұлға да сондай тәбәрік дайындап беру, сондай-ақ уақыт пен күш-қуат жеткілікті болса жақын-жуықтың өтінішін орындарлық игілікті іс болатын.

Айсұлудың өнерге деген көзқарасы да маңызды. Ол дайын дүниеден гөрі, істің өзіне көңілін, жүрегін салғанды жөн көреді. Әр бұйымда дербес қолтаңба, қайталанбас өрнек, ерекше реңк бар. Фабрика өндірісінің бір-біріне ұқсас дүниелері оның жан дүниесіне жақын емес.

– Маған өзгелерден дүние сатып алу қызық емес, өйткені менің өмірге, халық өнеріне деген өз көзқарасым бар, бәрін өзім жасай аламын, әрі бұл маған ләззат сыйлайды, – дейді кейіпкеріміз. – Әр бұйымда жеке қолтаңба, өзіндік стиль болғаны маңызды. Фабрикада конвейермен жасалғандай, бір-біріне ұқсап тұрған заттар адамды қызықтырмайды. Бүгін көрмеге келіскенімнің өзі – ерекше жағдай, тек Катонқарағай ауданының жерлестерін қолдау үшін және әлемді өз көзіммен қалай көретінімді жеткізгім келді. Өйткені өзгелерге ұқсамау – ең басты ерекшелік. 

Кенже қызына арнап жасаған ерекше ұлттық нақыштағы келіндік киімді таныстары мен туыстары әлі күнге дейін тамсанып еске алады. Қолдан тігілген киім қонақтарға да үлкен әсер қалдырған. Шебердің айтуынша, мұның сыры – оның дайын тапсырыс емес, өз баласы үшін, үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған қыздың жүрек қалауы мен аналық мейіріммен жасалғанында. Шынында, бүгінде жастар үшін тойға арналған эксклюзивті келін образына қол жеткізу – үлкен проблема. Әркімнің мұндай қабілетті, сән үлгісін өз қолымен жасай алатын анасы бар деп айту қиын. 

ӨНЕР БАСТАУЫ 

Кейіпкеріміз зейнет демалысында, ал өмірінің ең жалынды жылдарын мәдениет саласына, хореография мен би өнеріне тікелей арнаған жан. Катонқарағай ауданының Ақсу ауылында көп жыл бойы Мәдениет үйінің басшысы болып жұмыс істесе, оның жетекшілігіндегі көркемөнерпаздар ұжымдары аудан көлемінде жүлделі орындарға ие болып, өзіне тән келбеті мен ерекше стилін қалыптастырған. 

Өкінішке орай, 90-жылдардың қиын кезеңінде құрдымға кеткен бұрынғы Мәдениет үйінің бас сахнасы қабырғасында «Өнер – халықтікі» деген ұран жазулы тұратын. Міне, ауылдық мәдениет қызметкерлерінің тынымсыз еңбегімен осы сөздердің шынайы мәні ашылып, дәлелденіп отырды: халықтың өз ортасынан кенеттен жарқын өнерпаздар — әншілер, бишілер, домбырашылар, гармонистер, вокалды-аспаптық ансамбльдер қатысушылары шығып жататын. Халық табиғи дарынының күштілігі соншалық, кейбірінің өнеріне эстрада мен театр, тіпті кино «татымайтындай» еді. 

Концерттерге арналған костюмдерді өздері тігіп не тапсырыспен дайындатып, репетиция жасап, мейрамдар мен атаулы күндерде ауылдастарына концерт қойып, көрші ауылдарға барып, шығармашылық есептерін аудан орталығында көрсететін. Мұның бәрі – қоғамдық негізде, яғни ешқандай қаламақысыз орындалды. Шығармашылық жүректен туатын, адал көрерменнің жүрегін жұмсартатын, сұлулықты бағалай білетін жанкүйерлердің алғысына ғана суарылатын. 

ҚОЛЖЕТІМДІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ 

Талантты адам қандай іске кіріссе де, кәсіби немесе бос уақытындағы түрлі қызығушылықтарында болсын, бәріне бірдей қабілетті келетіні белгілі. 

Талант қай салаға да жарығын түсіретіні анық. Айсұлу Байгерееваның шығармашылық болмысы кәсіпкерлікте де көрінді. Ертеректе күйеуімен бірге шағын шаруашылық ашып, кейін ұлы жалғастырған кәсіпті дөңгелетіп әкетті. Оның ерекшелігі — туған ауылындағы мектепке жылдар бойы демеушілік көрсетіп келуі. Мұғалімдер мен оқушылар қолдауын ешқашан ұмытпай, шынайы алғыс білдіреді.

Сырмақ жасауды қайта еске алатын болсақ – бұл қолмен атқарылатын аса күрделі жұмыс, әр бұйым – нағыз эксклюзив. Соңғы нәтижеге жету үшін қойдың жүнін терең өңдеу қажет. Бұл еңбек аталарымыздан, әжелерімізден келе жатқан көне технологиялар арқылы жүзеге асады.  

– Бұл өте ұзақ процесс, – деп әңгімесін жалғайды Айсұлу Байгереева. – Ең алдымен жүнді қойдан дұрыс қырқу керек, кептіріп, тазалап, түтіп, одан киіз басып, бір бөлігін иірім жіпке айналдырып, түстерін үйлестіріп, табиғи бояумен бояп, өрнектерді қиюлап, ағаш ойыншығындағы пазлдар сияқты құрастырып, бәрін қайта-қайта тігіп шығу қажет. «Сырмақ» атауы, шамасы, «сыру» немесе «тігіс жүргізу» деген қазақы тіркестен шыққан болса керек. Себебі бұйымды берік қылу үшін киіз бетіне түрлі-түсті жіппен әдетте қолмен, үлкен инемен сыру жүргізіледі. Тек ең соңғы кезеңде ғана тігін машинасы қолданылады, оның өзінде барлық нәзік, күрделі жұмыс аяқталған соң. 

Айта кету керек, мұндай шығармашылық атмосфераның өндіріс процеске тікелей қатысы жоқ адамға да әсері мол: сырттай қарап отырса да, ойына ой қосып, түстер үйлесіміне, жалпы эстетикаға деген сезімін тәрбиелейді. 

Ұсақ моториканы жақсы көретіндер үшін мұндай хобби үлкен пайда әкеледі. Бірақ бастысы – оның айналаға тигізетін ықпалы. Өйткені сахналық өнер де, қолданбалы қолөнер де көрерменнің өнерге дайындығына қарамай, адамға бірдей әсер етеді: рухани тәрбиелейді, жүректі жұмсартады, жанды тазартады. Өнердің халыққа тиесілі болатыны да – осы синергияда.


Таир Сапарғалиев 

Айдос Мырзахметов 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу