Шығыста халық саны миллионға жете ме?
Шығыс Қазақстан алдағы жылдары демографиялық картадағы қуатты өңірлер қатарына енуі мүмкін. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, өңір халық саны бойынша миллиондық межеге жетуді көздейді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қазір Шығыста туу көрсеткіші ауыз толтырып айтарлықтай қарқында емес. Соңғы жылдары ажырасу деңгейі шамамен 2,5 есе артқан. Бірақ, бұл көрсеткіштердің бәрі өңірдің болашағына сеніммен қарап, жағдайды жүйелі түрде түзетуге мүмкіндік беретін нақты себептерді анықтауды талап етеді.
Аймақ басшысы жүргізілген талдау қызық жайтты көрсеткенін жеткізді. Яғни, ажырасулардың белгілі бір бөлігі — шынайы отбасылық дағдарыстың емес, әлеуметтік қолдаудың кейбір тетіктерін пайдалану мақсатында жасалған жасанды әрекет.
Осыған байланысты тиісті тексерулер жүргізіліп, мемлекет тарапынан болатын әлеуметтік қолдау шараларына қатысты тәртіп пен ашықтық та күшейтілмек.
Бұл өсім бір ғана табиғи демографиямен емес, еңбек ресурсы артық өңірлерден қоныс аударушылар ағынымен де байланысты. Облыста қазірдің өзінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар белсенді іске асырылуда, ал көші-қонмен келетін тұрғындар саны жыл сайын көбеюде.
Қазақстан бойынша туу деңгейі ең жоғары өңірлер әзірге Түркістан облысы, сондай-ақ Шымкент пен Маңғыстау екені белгілі. Дегенмен Шығыс Қазақстан өз демографиялық әлеуетін қайта көтеріп, алдағы жылдары бұл тізімге жақындауды жоспарлап отыр.
Брифингте белгілі болғандай, бұған «Шығыс шақырады» қоныс аудару бағдарламасы да, көпбалалыларға жасалатын әлеуметтік қамсыздандыру да, мамандар тартуда берілетін квоталар да әсер етері анық.
Инабат Қайса