KZ
Өскемен
-21°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

«Мал ұрлығы» ЖПІШ: ШҚО-да 57 тұрғын жауапкершілікке тартылды

21.11.2025, 12:00 142 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы – ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі, экономиканың маңызды саласы. Сондықтан төрт түлікке қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу аймақтағы тәртіп сақшылары үшін басым бағыттардың бірі болып қала береді. Осы мақсатта өңірде үш күн бойы республикалық «Мал ұрлығы» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Рейд барысында полицейлер ауылдық елді мекендерді, жеке қожалықтарды, мал базарларын, мал тасымалдау бағыттарын тексеріп, жағдайды кешенді зерделеді. Малдың сатылуы мен сатып алынуын заңдастыру, ветеринариялық құжаттардың болуы, жануарларды белгілеу және оларды еркін жаю ережелерінің сақталуы – бақылаудың басты нысаны болды.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 27 заң бұзушылық дерегі анықталды. Мал иелерінің басым бөлігі төрт түлікті ретсіз жаю талаптарын сақтамаған. Осы себепті 57 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жануарларды қараусыз қалдыру – мал ұрлығының ең жиі себептерінің бірі.

Іс-шара барысында бұрын жасалған екі қылмыстың да іздері табылып, істің беті ашылды.

Ұлан ауданында еркін жайылымнан 2 бас ірі қара мал жоғалғаны белгілі болды. Тергеу нәтижесінде жануарлардың қолды болғаны дәлелденіп, келтірілген 2 млн теңге шығын көлемі нақты анықталды.

Глубокое ауданында да ұқсас жағдай болған. Белгісіз адамдар 1 бас ірі қара малды ұрлап кеткен. Мал иесіне келтірілген шығын 600 мың теңге болды.

Тәртіп сақшылары мал ұрлығының көбіне қараусыз жүрген жануарларға қатысты орын алатынын атап өтті. Сондықтан олар ауыл тұрғындарын сақтық шараларын күшейтуге, малды таңбалап, бақташы жалдау немесе жайылымды бақылауда ұстауға шақырады.

ШҚО Полиция департаменті мал иелеріне мал жаю мен тасымалдауға қатысты ережелердің әрқайсысы заңмен бекітілгенін ескертеді. Жауапкершілікті арттыру – құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі жолы. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай рейдтер өңірде жүйелі түрде өткізіліп тұрады және өз нәтижесін беруде.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу