23 қарашадан бастап жол ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді
10 қарашада жол жүрісі ережелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ресми түрде жарияланды. Олар 23 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елді мекен аумағында жүк көліктерінің қозғалыс жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін шектелді. Бұл талап арнайы жол белгілерімен басқа жылдамдық көрсетілген учаскелерге қолданылмайды (мысалы, 80-90 км/сағ).
Жылдамдықты төмендету – жаяу жүргіншілердің өмірін қорғауға бағытталған шара. БҰҰ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 60-65 км/сағ жылдамдықпен соқтығысқан жағдайда адамның қаза болу қаупі 50 км/сағ-пен салыстырғанда 4,5 есе жоғары.
Көріну нашарлаған кезде, яғни, боран, тұман, қар, жаңбырлы кезде жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін колонна жүрісі кезіндегі полиция қызметкерлері мен жолға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты белгіленді.
Патрульдік көлік құралдары ілесіп жүретін колонналарға қатысты талаптар да жаңартылды. Атап айтқанда:
колонна ішінде маневр жасауға, басып озуға және өздігінен тоқтауға тыйым салынады;
колоннада 10-нан көп көлік болса, екі патрульдік көлікпен ілесіп жүру міндетті;
М2 және М3 санатындағы автобустарға жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін аялдамаларда тоқтауға рұқсат етілді.
Сондай-ақ, ірі көлемді және қауіпті жүк, велосипедшілер тобы, балаларды тасымалдаушы автобустар қозғалысы кезінде жылдам алынатын магнитті бекітпесі бар қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяктарды рұқсатсыз қолдануға мүмкіндік берілді.
Бұған дейін мұндай маяктарды пайдалану үшін арнайы рұқсат алу, көлікті қайта жабдықтап, техникалық куәлікке белгі енгізу қажетті болатын. Енді жол парағын электронды форматта рәсімдеуге рұқсат берілді. Сонымен қатар түсінікті болу үшін барлық суреттер, жол белгілері мен жол таңбалары жаңартылып, цифрландырылды.
Жаңартылған талаптармен танысып, жол ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Бұл – әрбір жүргізушінің міндеті әрі жол қауіпсіздігіне қосатын маңызды үлес.
Ержан Әбіш
Фото: ҚР ІІМ