Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға келді
Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға ресми сапармен келіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Өз кезегінде Никол Пашинян Қазақстанға ресми сапармен шақырып, Астанада қонақжайлық танытқаны үшін алғысын білдірді.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен армян достығы берік, сыйластығы жарасқан халықтар екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Астана мен Ереван арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тығыз, нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылған. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алғанын әрі оны жақ-жақты кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді. Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді. Армения Премьер-министрі бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге оңтайлы сәт екенін атап өтті.
Кездесу барысында сауда-экономика, көлік-транзит, инвестициялық ықпалдастық, тау-кен, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада қазақстандықтар Никол Пашинянды Арменияның дамуына жаңа леп әкелген, мемлекеттік құрылымның барлық салада қайта жаңғыруына тың серпін берген жалпыұлттық көшбасшы деп білетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде қазақ-армян мемлекетаралық байланысы стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерілгенін мәлімдеді.
Никол Пашинян Қазақстанның ең жоғары наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына алғыс айтып, мұны отандастарына көрсетілген ерекше құрметтің белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян келіссөз қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрінің қатысуымен ресми делегация мүшелері төмендегідей үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттармен алмасты:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы құпия мәліметтерді беру, қолдану, қорғау және сақтау туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы және Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің ғимаратын салуға арналған жер телімдерін бөлу туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы 2026-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасы;
4. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Армения Республикасы Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі мен Армения Республикасы Жоғары технологиялық өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Армения Республикасы Экономика министрлігі арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда-саттығы жөніндегі ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Армения Республикасы Сырты істер министрлігі арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары;
8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Армения Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша 2026-2027 жылдарға арналған негізгі шаралар жоспары;
9. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Арменияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы Қазақстан-Армения Іскерлік кеңесін құру туралы келісім;
10. «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Арменияның Ұлттық кітапханасы» мемлекеттік коммерциялық емес ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
11. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ пен Арменияның Кино қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
12. Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі мен «Арменияның Ұлттық галереясы» арнайы ғылыми-зерттеу бірлестігінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
13. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі мен Армения Республикасы Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігі арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
14. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Армения Республикасы Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі арасындағы ғылым және жоғары білім саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
15. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Армения Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатия мектебі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Фото: Ақорда











