Самар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы
Ағымдағы жылдың 10 айындағы Шығыс Қазақстан облысы мен Самар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері тұрақты деңгейде сақталып отыр. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға қарай экономиканың өсу қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіптің елеулі үлесі 40 пайыз екенін және сыртқы экономикалық факторлардың ықпалын ескере отырып, өңірде экономиканы әртараптандыру бағыты бойынша кешенді шаралар іске асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін облыста өңірлік жобалау кеңсесі құрылды. Барлық қалалар мен аудандар бойынша экономикалық өсу нүктелерінің бесжылдық жоспарлары, сондай-ақ ауылдық округтерге арналған жол карталары бекітілді. Жалпы қаржыландыру көлемі 2,8 трлн теңгені құрайды, оның ішінде жеке инвестициялар – 2,3 трлн теңге, бюджеттік қаражат – 522,4 млрд теңге. Сонымен қатар, әрбір қала және аудан әкімдерімен 2025 жылға арналған KPI көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттарда нақты жобалар мен аумақтарды дамытуға бағытталған іс-шаралар қамтылған.
Самар ауданы агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп және туризм салаларында айтарлықтай даму әлеуетіне ие. Ауданның 2029 жылға дейінгі даму жоспары аясында 16,0 млрд теңге бюджет қаражатын және 24,6 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделген.
Өткен жылы жеке инвестициялар есебінен Самар ауылында құны 300 млн теңге болатын асфальт-бетон зауыты, 120 млн теңгеге түйіршіктелген жем шығаратын зауыт, сондай-ақ 25 млн теңгеге дүкен салынды. Аққала ауылында ильменит концентратын өндіру мен өңдеуді ұлғайту мақсатында «Сәтпаев-кен байыту кәсіпорны» ЖШС 552 млн теңгеге құрал-жабдықтарын жаңартты. Қараткөл ауылында «Закирьянов» шаруа қожалығы 120 млн теңгеге асыл тұқымды мал сатып алды.
Ағымдағы жылы Аққала ауылында «Сәтпаев-кен байыту кәсіпорны» ЖШС-нің екінші кен байыту фабрикасында 536,7 млн теңгеге технологиялық процестерді басқару жүйесі автоматтандырылды. Құлынжон ауылында 20 млн теңгеге дүкен салынды. Мариногорка ауылында «Нұрай» шаруа қожалығы 10 млн теңгеге 20 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алды. Ал Сарыбел ауылында 30,0 млн теңгеге «Вилла Сарыбель» демалыс базасы ашылып, жалпы құны 34,5 млн теңгені құрайтын екі асхана өз жұмысын бастады.
Биылға арналған Самар ауданы бюджетінің жиынтық көлемі 14 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде меншікті кірістер – 1,8 млрд теңге немесе жалпы бюджет көлемінің 12,8 пайызы. Ал жоғары тұрған бюджеттерден түсетін трансферттер мен кредиттер көлемі 11,6 млрд теңге немесе 82,8 пайызды құрайды, бұл ауданның меншікті кірістерінен 6,3 есе көп.
Осыған байланысты өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданының әкіміне кіріс көздерінің резервтерін іздестіру, салық салынатын базаны кеңейту және ауданның қаржылық дербестігін арттыру бағытындағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Айгүл Базарова
Фото: Артем Жигулин


