KZ
Өскемен
-2°
снег жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Марқакөл ауданының мәдени күндері өтуде – ШҚО

21.11.2025, 20:30 161 Базарова Айгүл

Осы аптада өтіп жатқан дәстүрлі «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарын Марқакөл ауданының қайталанбас табиғаты, бай тарихы және еңбекқор адамдары қалыптастырған өзіндік болмысымен таныстыруда. Облыстық филармония фойесінде ұйымдастырылған тақырыптық көрме ауданның табиғи ерекшеліктерін ғана емес, рухани қазынасы мен тұрғындарының жетістіктерін де паш етті. Ал концерттік бағдарлама марқакөлдіктердің шығармашылық әлеуетін кеңінен паш етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Біздің мақсат – ауданымыздың әлеуетін жан-жақты таныту. Тұмса табиғатымызды, тағылымға толы тарихымыз бен марқакөлдіктердің ерен еңбегі туралы бірнеше композиция дайындадық. Марқакөл флорасы мен фаунасы, бүгінгі жас толқынның табысы, қолөнер шеберлерінің туындылары, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мұрамыз – барлығы көрмеде көпшілік назарына ұсынылды. Облыс орталығының тұрғындары ауданымыздың тыныс-тіршілігін зор ықыласпен тамашалайды деген сенімдеміз», – деді Марқакөл ауданы әкімінің орынбасары Әсел Қайырбекова.

Көрменің табиғи байлығын танытатын бөліміне Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының мұражай экспозициялары ерекше реңк берді. Қызыл кітапқа енген құстардың үлгілері, жас суретшілердің жұмыстары, оның ішінде Қар барсы күніне орай дайындалған ілбіс бейнелері көпшіліктің назарын аударды.

«Кейбір экспонаттарды 80-жылдары қорықтың алғашқы қызметкерлері жасаған. Ал әсерлі фотосуреттер – жергілікті фотографтардың еңбегі. Әсіресе, мұз қатқан Марқакөлдің суреті ерекше әсер қалдырады. Мұздың қалыңдығы 120 сантиметрге дейін жетеді, бірақ мөлдірлігі сондай, тіпті сирек кездесетін, тек Марқакөл мен Канаданың жалғыз су айдынын мекендейтін майқан да анық көрінеді», – деді Марқакөл қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Мансұр Байбуров.

Тарихи бөлім Боран ауылындағы мектеп-гимназиясының Құмаш Нұрғалиев атындағы кабинет мұражайының жәдігерлерін қамтыды. Онда Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік хаттар, халық мұғалімінің қолжазбалары, тұрмыстық заттары – үлкен үстел сағаты, самаурын және оның ерекше жақсы көретін грузин шайы қойылған.

«Биыл ауылымызда Халық мұғалімінің 100 жылдығына орай республикалық деңгейдегі іс-шаралар өтті. Мектеп-гимназияның ұстаздары мен түлектері Құмаш Нұрғалиевтің өмірі мен педагогикалық мұрасына арналған кітаптарын дайындады», – деді мектеп директоры Арман Болатов.

Көрменің жастар болашағына арналған «Марқакөл болашағы» атты бөлімі де келушілердің қызығушылығын тудырды. №1 орта мектептің оқушылары жасанды интеллект көмегімен әзірлеген экспонаттары мен өздері құрастырған қозғалмалы роботтарын таныстырды.

«Біздің роботтар бір-бірімен шайқаса алады. Оларды информатика сабақтарында өзіміз жинадық. Әр робот түс ажырата алады: белгілі бір түсті табу үшін оны арнайы бағдарлап қоясыз, ол міндетті орындайды», – дейді 9-сынып оқушысы Есдәулет Қизатов.

Мыс кенін өндіру және байыту саласында жұмыс істейтін «ГРК МЛД» ЖШС байыту фабрикасының макетін, мыс концентратын алу процесін, сондай-ақ сирек минералдар мен табиғи мыс топтамаларын ұсынды.

Көрмеден кейін қонақтар концерт залына шақырылды. Сахнада ауданның вокалдық және хореографиялық ұжымдары өнер көрсетті. Әсіресе, майдан жылдары мен Құмаш Нұрғалиевтің өміріне арналған театрландырылған қойылымдар көптің көңілін толқытты. Майданнан хат жазу сәттері, соғыстан аман-есен оралуы, ауыл балалары үшін мектеп салуға деген табандылығы сахнада әсерлі көрініс тапты. Концерт аяқталған соң көрермендер ұзақ қол соғып, өнерпаздарға зор қошеметін көрсетті.

Еске сала кетейік, ертең таңғы 08:00-де «Алтай» көтерме-тарату орталығында Марқакөл ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді. Онда Өскемен тұрғындары мен қонақтары қолжетімді бағамен экологиялық таза өнімдерді – сиыр, жылқы, қой, шошқа еті, сүт және бал өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да табиғи тауарларды сатып ала алады.


Роксана Глыбова

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу