Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға 501 млрд теңгенің жәрдемақысы төленді
2025 жылдың басынан бері көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардан орта есеппен 846,5 мың отбасы қамтылып, жалпы сомасы 501,8 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақымен – 603 мың отбасы (436,5 млрд теңге), наградталған аналарға берілетін жәрдемақымен 243,4 мың адам (65,2 млрд теңге) қамтылды.
2025 жылдың қазан айында жәрдемақылардан 835,2 мың отбасы қамтылып, жалпы сомасы 52 млрд теңге болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 590 мың отбасы (45,4 млрд теңге), наградталған аналар – 245,1 мың адам (6,6 млрд теңге).
Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар, табысына қарамастан, үміткер бола алады.
2025 жылғы төлем мөлшері бала санына байланысты. 4 баласы бар отбасы – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге, 5 бала – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге, 6 бала – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге, 7 бала – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге, 8 және одан көп бала – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге алады.
«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
«Күміс алқа» иегерлері – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге, «Алтын алқа» иегерлері, «Батыр Ана» немесе І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар 6,5%-ға артты.