KZ
Өскемен
-22°
плотный туман Штиль
510.18 601.91 6.51

Елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық науқаны басталды

25.11.2025, 10:30 212 Ержан Әбіш

Бүгін елімізде жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты халықаралық науқан өз бастауын алды. Бұл бастама – Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенциясына сәйкес әлемнің 180-нен астам елінде қолдау тапқан жаһандық акция, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Науқан әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, қоғам назарын өзекті мәселелерге аударуға және қолжетімді қорғану тетіктері туралы ақпараттандыруды күшейтуге бағытталған.

Биылғы науқан «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» деген ұранмен өтуде. Технология дамыған сайын кибербуллинг, онлайн қудалау, жеке деректер мен суреттерді рұқсатсыз тарату сияқты қауіптердің артқаны байқалады. Зерттеулерге сәйкес, мұндай әрекеттердің құрбаны көбіне әйелдер мен қыздар болып отыр. Цифрлық зорлық-зомбылық психологиялық зардап келтіріп қана қоймай, олардың қауіпсіздік сезімін төмендетеді және қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіреді.

Науқан аясында ел бойынша кең көлемде ақпараттық-ағарту жұмыстары ұйымдастырылады. Халықпен кездесулер, мобильді топтардың жұмысы, жедел желілер, флешмобтар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмдері түсіндіріледі. Сонымен қатар жадынамалар, инфографика, әлеуметтік роликтер мен билбордтар орналастырылады.

Агрессорлармен жұмыс істеу және қайталанатын зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шаралар да күшейтіледі. Заңгерлер, ІТ мамандар мен психологтар қатысатын тренингтер, пікірталас алаңдары, оқу орындарында сурет конкурстары мен тақырыптық сабақтар өтеді.

Көптеген өңірлерде ғимараттарды қызғылт сары түске жарықтандыру, жалаушалар ілу және арнайы акциялар өткізу арқылы «Қызғылт сары күн» – Orange Day символикалық шарасы ұйымдастырылады.

Әлеуметтік желілерде #ЦифрлықЗорлықЗомбылықтыТоқтату хэштегімен флешмобтар іске қосылып, онлайн-қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үндеу жасалады. Қоғамның белсенді қатысуы цифрлық кеңістікті, әсіресе әйелдер мен балалар үшін, қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының ІІМ мемлекеттік органдарды, БАҚ-ты, үкіметтік емес ұйымдарды және барлық азаматтарды осы науқанға белсенді атсалысуға шақырды.

– Тек бірлік арқылы біз зорлық-зомбылықтың кез келген түріне – офлайн да, онлайн да – қоғамдық төзбеушілік қалыптастырып, қауіпсіз әрі орнықты қоғам құра аламыз, – делінген ведомствоның үндеуінде.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу