Өскемен ауа сапасын мобильді зертхана өлшейді
Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық мониторинг ұйымы жаңа мобильді экозертханамен жабдықталды. Жылжымалы зертхана ауа сапасын жедел бақылауға және нақты уақыт режимінде экологиялық тәуекелдерге әрекет етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Құны 65,5 миллион теңгені құрайтын мобильді экозертхананы өңірге Halyk Bank табыстады. Жабдық Өскемен қаласындағы ауа сапасын жедел бақылап, экологиялық қауіптерге уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Мобильді экологиялық зертхананы өңірге сыйға тарту рәсімінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа кешен ауа мониторингін күшейтуді ұсынған «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы» қоғамдық бірлестігі бастамасының тікелей жалғасы болғанын атап өтті.
Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Тлеген Маткенов банк декларативті емес, нақты практикалық экологиялық жобаларды қолдауға басымдық беретінін атап өтті.
Жоғары дәлдікті талдау жүйелерімен жабдықталған мобильді экозертхана Өскемен қаласына тән негізгі компоненттер бойынша өлшеулер жүргізе алады. Мәселен, SO₂ (күкүт диоксиді), H₂S (күкүртсутек), NOₓ (азот тотығы), CO (көміртек тотығы), HCl (хлор сутегісі немесе тұз қышқылы), Cl₂ (хлор) және NH₃ (аммиак). Жылжымалы станция жағдай нашарлаған аумақтарға, ластаушы заттардың шекті деңгейден асуы тіркелген жерлерге дереу барып, нақты әрекет етуге мүмкіндік береді. Жиналған деректер мемлекеттік органдар мен тұрғындарға жедел түрде қолжетімді болуы тиіс, бұл өз кезегінде экологиялық мониторингтің ашықтығын және сапасын арттырады.
Бұл ретте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауа сапасы туралы халықты дер кезінде хабардар етудің маңызын атап өтті. Өйткені, әсіресе, жылыту маусымы кезінде және өнеркәсіптік аймақтардың маңында сенімді экологиялық ақпаратқа деген сұраныс артып келеді.
Шығыс Қазақстан облысындағы банктің бұл алғашқы әлеуметтік жобасы емес. Биыл облыстық ауруханаға пациенттер мен медициналық қызметкерлерді тасымалдауға арналған көлік (құны 12,6 миллион теңге) табыстады, сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасылардан шыққан бірінші сыныптың 100 оқушысына кеңсе заттарының толық жинағы салынған рюкзактар сыйға тартты.
«Өскемен тынысы» қоғамдық бірлестігі өкілдері экологиялық бастамаларды қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мобильді экозертхана жай ғана қайырымдылық емес, Өскемен тұрғындарының денсаулығын қорғауға ықпал ететін ашық әрі сапалы экологиялық мониторингке негізделген маңызды қадам.
Жаңа зертхана іске қосылғаннан кейін Өскемен қаласында экологиялық мониторинг желісінің кеңейтілуі, ауа сапасы бойынша тұрақты деректер базасының қалыптасуы және ықтимал шығарылымдарға әрекет ету жылдамдығының артуы күтіледі. Өңір әкімдігі мен қоғам белсенділері жобаның экологиялық қауіпсіздік саласындағы өзге де технологиялық шешімдердің негізіне айналатынына сенім білдіріп отыр.
Айта кетейік, толық жабдықталған зертхана қазіргі таңда жұмысқа дайын – алғашқы өлшеулер де жүргізілді.
Дамир Омаров
Аударған: Айдос Мырзахметов
Фото: Жибек Нурахмет
Видео: Евгений Щетников












