Шығыстың «Кеден-Masters» командасы футзалдан Қазақстан чемпионы атанды
Астана қаласында қараша айының 21-23 күндері аралығында футзалдан ардагерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Биылғы доп додасы бұрынғыдан да тартысты ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген 10 мықты команда чемпиондық атақ үшін бақ сынады. Әр аймақтың намысын арқалаған тәжірибелі спортшылар чемпионаттың көрігін қыздырып, жоғары деңгейдегі ойын көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы бәсекеде Шығыс Қазақстан облысының атынан сынға түскен атақты «Кеден-Masters» командасы ерекше өнер көрсетіп, өз тобында өзгелерге дес бермей, бірінші орынмен плей-офф кезеңіне өтті. ¼ финалда олар Ақмола облысының «Атбасар» командасын 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, турнир фавориттерінің бірі екенін дәлелдеді. Ширек финалдағы сенімді жеңістен кейін шығысқазақстандық ардагерлер жартылай финалда Петропавл қаласының «СКО» командасын 5:1 есебімен тізе бүктірді. Ал басты сын — финалдық кездесу көптің назарын аударды. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы, даңқты «Буцефал» командасымен өткен шешуші ойында «Кеден-Masters» айқын басымдық көрсетіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Шығыс Қазақстан өңірінің намысын қорғаған тәжірибелі футзал шеберлері ел чемпионатының биылғы жеңімпазы атанды. Команданың қорғаныстағы сенімді ойыны да жоғары бағаланды. Турнир қорытындысы бойынша «Чемпионаттың үздік қорғаушысы» номинациясы «Кеден-Masters» ойыншысы Елжан Закарияға табысталды. Бұл — оның ұзақ жылдық еңбегі мен футзалдағы шеберлігінің лайықты бағасы деп білген жөн.
2004 жылы құрылған «Кеден-Masters» командасы соңғы жиырма жыл ішінде Шығыс Қазақстанның ең тұрақты әрі табысты ұжымдарының біріне айналды. Олар өңірлік чемпионаттың 12 дүркін жеңімпазы, республика көлеміндегі түрлі жарыстардың бірнеше мәрте бас жүлдегері атанған.
Сонымен қатар команда Семей қаласында өткен Серғазы Рымбаев атындағы дәстүрлі турнирдің чемпионы, жаз айларында ұйымдастырылатын «Алакөл» кубогының үш дүркін иегері. Бұл — ұжымның ұзақ мерзімді еңбегінің, бірлігінің және жаттығу жүйесінің нәтижесі дейді команда жетекшісі Болатбек Жаманбаев.
«Команда сапында әртүрлі спорт түрлерінен өңірге кеңінен танылған, халықаралық деңгейде жетістікке жеткен спортшылар өнер көрсетеді. Атап айтқанда, қазақша күрес, самбо, дзюдо спорт түрлерінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Руслан Сейілханов, Ержан Омарбаев, Ерлан Сейілханов, сонымен бірге футболдан спорт шебері Руслан Смағұлов, Мұрат Бақтияров, Евгений Попов, Ерболат Ұлжабаев, Сымбат Кемешев сынды тәжірибелі ойыншылар команда құрамын толықтырады. Әрқайсысы — өз саласының шыңдалған шебері, команда жетістігінің негізгі тірегі», деп ағынан жарылды. Сонымен қатар Болатбек Жаманбаев «Кеден-Masters» бүгінгі жетістігінде Шығыс Қазақстан облысы спорт ардагерлері ұйымының қолдауы ерекше рөл атқаратындығын жеткізді.
- Мұхамедолла Ағзамов басқаратын Шығыс Қазақстан облысы спорт ардагерлері ұйымымен бірлесе тығыз жұмыс атқарамыз. Команданы қолдап, жарыстарға қатысуға зор көмектері тиеді. Үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қаладағы спорт алаңдарында жаттығу жасауға қолғабыс етеді, - дейді Болатбек Жаманбаев. - Осы қолдау мен ынтымақтастықтың арқасында команда тек облыс ішіндегі жарыстарға ғана емес, республикалық деңгейдегі турнирлерге де қатысуға мүмкіндік алып отыр. Бірлік пен жүйелі дайындық - қазіргі жетістіктердің басты кепілі. «Кеден-Masters» ел чемпионатындағы биылғы жеңісі - тек бір маусымдық табыс емес, жылдар бойы қалыптасқан дәстүр мен төгілген тердің жемісі. Шығыстың намысын абыроймен қорғаған команда алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жастарға үлгі болуды мақсат етеді.
Кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі спортшылардан құралған команда бүгінде өз қолтаңбасын қалыптастырып, ел футзалының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Әр жеңісі — шығыстың спорттық рухын көтерген ортақ еңбек пен табандылықтың жемісі. Бүгінгі жетістіктер — болашаққа бастар сенімді қадам. Бірлігі бекем, жігері мықты ұжым бұдан әрі де үлкен додаларда өз атын биіктен танытып, талай асуларды бағындырарына еш күмән жоқ.
Қуаныш Рахметоллаұлы

