KZ
Өскемен
-14°
туман жел 1 м/с, С
503.35 590.63 6.62

Шығыста «Рухты теңдік» инклюзивті фестиваль өтеді

27.11.2025, 18:00 193 Айна Бакимбаева

2025 жылғы 3 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Халықаралық мүгедектер күніне орай облыстық «Рухты теңдік» инклюзивті фестивалі өтеді. Іс-шара облыстық әкімдік қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы бүгін «Шығыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директоры Бекайым Ұябаева ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Фестивальдің мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар адамдардың шығармашылық әлеуетін дамыту, инклюзивті бастамаларды қолдау және қоғамда толерантты көзқарасты қалыптастыру. Қатысушылар құрамында Өскемен қаласы мен облыстың Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім, Үлкен Нарын аудандарының шығармашылық ұжымдары мен орындаушылары бар.

Бекайым Ұябаева фестивальге қатысуға барлығы 66 өтінім түскенін айтты. Оның 39-ы – облыс орталығының тұрғындарынан, 27-і – аудандардан. Ең көп қатысушылар Тарбағатай ауданынан – 10 адам және Шемонаиха ауданынан – 9 адам тіркелген. Өзге өңірлер де өз талантты орындаушыларын және шеберлерін жіберіп, белсенділік танытыпты.

Фестиваль бірнеше номинацияны қамтиды:

• вокалдық және аспаптық орындау;

• авторлық шығармашылық (поэзия, ән, музыка);

• бейнелеу өнері;

• қолданбалы қолөнер.

– Биылғы фестивальдің ерекшелігі – қатысушылар санының айтарлықтай артуы, ұсынылған жұмыстардың сапасының жақсаруы. Шараны дайындау мен қолдауға жергілікті билік өкілдері, кәсіподақтар, әлеуметтік бағыттағы ұйымдар, жоғары оқу орындары, өңір кәсіпорындары, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының қайраткерлері қатысып отыр. Осындай кең қолдау биылғы фестивальдің деңгейін едәуір көтеріп, ұйымдастыру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, - деді кітапхана директоры. 

20 қарашада арнайы кітапхана базасында тәуелсіз қазылар алқасының отырысы өтті. Мәдениет және білім беру мекемелерінің сарапшылары қатысушылардың жұмыстарын мұқият бағалап, сапасына, өзіндік ерекшелігіне және орындаушылық шеберлігіне ерекше назар аударды.

– Іс-шараның жүлде қоры 4,5 млн теңгені құрайды. Бұдан басқа әртүрлі жиырма номинация бойынша демеушілердің сыйлықтары болады. Жеңімпаздар анықталды, олардың есімдері 3 желтоқсан күні Гала-концертте жарияланады. Фестиваль күні аймақтағы креативті индустрияны қолдау мақсатында декоративті-қолданбалы өнер туындыларының көрме-жәрмеңкесі де өтеді, - деп толықтырды Бекайым Ұябаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Рухты теңдік» фестивалі — қатысушыларға өз таланттарын ашуға, ал қоғамға — инклюзивті әрі қолдаушы болуға мүмкіндік беретін маңызды жоба болып қалыптасып келеді.


Айна Бакимбаева 

Фото: Артем Жигулин 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу