KZ
Өскемен
+9°
небольшой дождь жел 2 м/с, Ю
485.11 523.82 5.02

ШҚО-да III "Біз өмір сүреміз!" қайырымдылық фестивалі өтті

7.04.2024, 16:56 177 Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстанда кезекті, осымен үшінші «Біз өмір сүреміз!» атты халықтық қайырымдылық фестивалі мәресіне жетті. Небары үш жыл ішінде аталмыш фестиваль Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-мәдени өмірінен ойып тұрып орын алған елеулі оқиғаның біріне айналып үлгерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Ал биылғы фестивальдің ауқымы тіптен кең болды деуге толық негіз бар. Бұл жолы облыс орталығында өткен мәдени іс-шараға өңіріміздің ғана емес, республикадың өзге облыстары мен қалаларынан арнайы ат арытып келген қатысушылар мен көрермендер, серіктестер жиналып, фестивальдің деңгейі мен мән-маңынасын арттыра түсті. 

«Біз өмір сүреміз!» деп аталатын халықтық қайырымдылық фестивалі – St.ART әлеуметтік-мәдени қорының алғашқы жобасы. Жоба жетекшісі әрі режиссері Станислав Цихтың айтуынша, фестиваль ерекше қажеттіліктері бар адамдардың бәрі бірдей екенін, сондай-ақ олар мен дені сау адамдардың арасында анау айтқандай айырмашылық жоқ екенін көрсетуге бағытталған. Қатысушылардың кейбіреулері ән айтса, енді біреулері би билеп, музыкалық аспаптарда ойнайды, сурет салады, өз қолдарымен түрлі бұйымдар жасайды. Осылайша, ерекше шығармашылық атмосферасы қалыптасады. 

– Фестивальдің басты мақсаты – қоғамға ерекше қажеттіліктері бар адамдарды басқаша, тың қырынан таныту. Себебі, мұндай жандарда да өзгелердегідей асқақ арман, биік мақсат бар. Олардың да өнерден хабары бар, шығармашылықтан кенде емес. Сондай-ақ, бұл іс-шараны ұйымдастырудағы тағы бір мақсатымыз – ерекше адамдарға өз ойын білдіруге мүмкіндік беру, олардың шығармашылық идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасау, – дейді Станислав Цих.

Биылғы фестиваль үш күнге жалғасқанын айту керек. Осы үш күн бойы қаланың түкпір-түкпірінде түрлі форматтағы шығармашылық және әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылды. Арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған интерактивті спектакль, «Взгляд» инклюзивті театрының «Тауық қорадағы оқиға» арт-ертегісінің премьерасы, мемлекеттік мекемелер, мәдениет, білім беру ұйымдары, әлеуметтік сала және үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатысуымен өткен инклюзивті ортаны дамыту мәселелері қаузалған дөңгелек үстел, көрмелер мен басқа да іс-шаралар болды. Халықтық акция ауқымды гала-концертпен аяқталды. 

Станислав Цих келер жылғы фестивальдің ауқымы бұдан да кең болатынын айтып, қатысушылар мен көрермендерді көптеген тосынсый күтіп тұрғанын жеткізді.


Фото: Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив