KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

ШҚО-да жас толымның алғашқы легі Ұлттық ұлан сапына аттанды

29.11.2025, 11:00 154 Базарова Айгүл

Шығыстың шыңын қар басқан шақта, елдік мұратты мақсат еткен бір топ өр рухты жас Отан алдындағы антын орындауға бет алды. Шығыс Қазақстаннан әскерге шақырылған 23 сарбаз ҚР Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде бір жылдық қызметін өтемек. Алматы қаласындағы әскери бөлімге жас толымды шығарып салу рәсімі әскери оркестрдің салтанатты әуенімен басталып, елдік рухты асқақтата түсті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Күзгі шақырылымда сапқа қосылғандардың бірі – Азамат Мұратов. Жиырмаға енді толған жігіттің жүрегі ел қорғау жолына баяғыдан дайын екені байқалады. Ол үшін армияға бару – міндет қана емес, ер азаматқа лайық ең үлкен жауапкершіліктің бірі.

— Мен Риддер қаласының тумасымын. Біздің жақтың табиғаты қатал, ауа райы құбылмалы. Мұндай өңірде шынықпай өсу мүмкін емес. Сол үшін спортты серік етіп, дене дайындығымды әбден шыңдадым. Енді әскерге барған соң шығыстың жігіттері шымыр келеді деген сөздің растығын дәлелдеуге тырысамын. Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарамын деп сенемін. Болашақта әскери маман болуды мақсат еттім, — дейді ол.

Жас сарбаздар алда күтіп тұрған бір жыл ішінде әскери өмір мектебінен өтіп, темірдей тәртіпке бой үйретіп, жауынгерлік дайындықтың қыр-сырын меңгереді. Олар Бауыржан Момышұлы атындағы бригада құрамында оңтүстік астананың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Бұл – үлкен сенім, әрі зор жауапкершілік.

Сапқа тұрған ұландарын шығарып салуға келген ата-аналардың да жүзінен толқу мен мақтаныш қатар сезілді.

— Балам бала күнінен әскери киім киіп, қолына саптаяқ ұстап, мықты қызметші болуды армандайтын. Бүгін сол арманға қадам басып отыр. Әрине, ана үшін ең қиыны – баласын үлкен өмірге шығарып салу. Дегенмен, оның ел тыныштығын күзетіп, алып мегаполистің қауіпсіздігіне үлес қосатынын ойласам, жүрегім жұбанады. Әскер – жігітті шыңдайтын мекен. Ұлымның нағыз ер азамат болып оралатынына сенемін, — дейді жас сарбаздың анасы Әсем Тұрсынғазықызы.

Шығыс Қазақстаннан аттанған бұл толымды салтанатты түрде шығарып салу – елдік парызға деген құрметтің көрінісі. Жас сарбаздардың алдағы жолы жеңісті, қызметі абыройлы болсын.


Фото: ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу