Өскеменде Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті
Өскемен қаласындағы «Алтай» көтерме-тарату сауда орталығының аумағында Тарбағатай ауданының табиғи, экологиялық таза өнімдері ұсынылған дәстүрлі жәрмеңке өтті. Ауқымды шараның басты мақсаты қала тұрғындарын сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету және оларды нарықтағы бағадан 10–15 пайыз төмен деңгейде ұсыну. Бұл бастама өңір халқы арасында үлкен қолдау тауып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жәрмеңкеге ауданнан сиыр, жылқы еті сондай-ақ қымыз, түрлі сүт өнімдері, ірімшік пен құрт жеткізілді. Бұған қоса, Зайсан көліне жақын орналасқан ауылдардан әкелінген балық өнімдері де сөрелерден орын алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жәрмеңкеде ет пен сүт өнімдеріне сұраныс өте жоғары болды.
Жәрмеңкедегі ерекше назар аудартқан өнімдердің бірі — балық. Әсіресе, тұғылдық балықшылардың табиғи таза, жаңа ауланған балығы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Тұғыл ауылынан арнайы келген Жанерке Тұрсынғалиева жәрмеңкенің өңір шаруалары үшін маңызын атап өтті.
Өскемен қаласының тұрғындары да жәрмеңкенің өтуіне оң бағасын берді. Қала тұрғыны Ринат Назарбеков мұндай шаралардың сапалы өнімге қолжетімділікті арттыратынын айтты.
Жәрмеңкеде тек сауда-саттық қана емес, мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. Тарбағатай ауданының өнерпаздары қала тұрғындарына концерт қойып, күмбірлеген күй мен әсем әннен шашу шашты. Жиналғандарға ұлттық тағамдар ұсынылып, келушілер жылы шайдан дәм татты. Бұл жәрмеңке тек сауда алаңы ғана емес, ауыл мен қаланы байланыстыратын мәдени көпірге айналды.
Шара барысында ауылдың еңбекқор тұрғындары мен қала халқының арасындағы өзара құрмет, ынтымақтастық айқын сезілді. Жәрмеңкеге келген тұрғындардың айтуынша, мұндай бастамалар өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, жергілікті өнімге деген сенімді арттырады. Сонымен қатар, ауыл еңбеккерлерінің еңбегін дәріптеп, өңірлік өнімдердің қолжетімді болуына жол ашады.
Жалпы, Өскемендегі дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі биыл да жоғары деңгейде өтіп, қала жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді. Тарбағатай ауданының табиғи, таза өнімдері ұсынған бұл шара ауыл мен қала арасындағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі әрі жергілікті брендтердің дамуына серпін беретін маңызды дәстүр болып қалыптасып келеді.
Қуаныш Рахметоллаұлы
Фото: Артем Жигулин















