Шығыстың күнбағыс алқаптары – мол табыстың сенімді кепілі
Шығыс Қазақстан биыл Қытай Халық Республикасының іскер топтарымен жалпы құны шамамен 50 миллион доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жөнінде келісімге келгені белгілі. Тұтас алғанда, бұл шарт өңір алдына қол жеткізуге болатын нақты мақсат қойып отыр. Ол — аграрлық салада жетекші орын алу, сонымен бірге өсім әлеуеті жоғары басқа да бағыттарды теңгерімді дамыту, жоғары деңгейлі өңдеу технологияларын енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өткен еді. Әкім өңірде майлы дақылдарды өсіруден бастап, терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды. Мақсат — ішкі және сыртқы нарыққа шикізат емес, дайын өнім, яғни, өсімдік майын шығару.
Іс жүзінде бұл дайын өнімнің қосылған құны жоғары болатынын білдіреді. Мұндай тәсіл Шығыстағы шаруашылықтардың табысты жұмыс істеуіне жағдай жасамақ. Сондай-ақ, органикалық сипаттағы өнімге деген сұраныс, жергілікті құнарлы топырақтың артықшылықтары тұрақты табыс алуға мүмкіндік бермек.
Күнбағыс өсіруден алдыңғы үштіктеміз
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанның аграрлары күнбағыс өсіру бойынша елімізде алғашқы үштіктің ішінде. Бұл тізімде Абай мен Павлодар облыстарының шаруалары да бар, ал өзге өңірлер де бұл дақылды егумен шұғылданып келеді.
Іскерлік тақырып лирикалық салыстыруларды көп көтермейді, дегенмен күнбағысқа эстетикалық қыры да тән. Ол құнды өнім мен шикізат ретінде практикалық пайда әкелумен қатар, ауыл шаруашылығы көрінісіне өзіндік рең қосады. Мұндай көріністерді суретшілердің қылқаламына лайық деуге де болады. Кезінде Ван Гог та өзінің үздік шығармаларын дәл осы күнбағыстарға арнағаны да бекер емес. Бүгінде бұл тақырыптың қолданбалы маңызы орасан зор екен көрсе, ол әлбетте таңғалған болар еді.
Шығыс Қазақстандағы өсімдік шаруашылығының негізі — отандық тұқым қорының болуы. Барлық сорттар мен будандар ғалымдар мен тәжірибелі аграрлардың селекциялық жұмысы арқылы алынады. Олар жоғары өнімді тұқымдарды көбейтіп, шаруашылықтарға жеткізеді.
2025 жылы өңір толық технологиялық тізбекті қалыптастыру жолында тағы бір нақты қадам жасады. Мәселен, жақында Ұлан ауданындағы Привольное ауылында ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын өңдейтін жаңа зауыт ашылды. Өндіріс орнында болған облыс әкімі бұл шаруашылықтың еңбек әулетін жалғастырып отырған тәжірибелі аграрийлер, атап айтқанда Василий Воропай әулетінің агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл шаруашылық селекциядан бастап тұқым өсіру, көбейту және соңғы тұтынушыға жеткізуге дейінгі толық циклді бір жерде меңгеріп, өзгелерге үлгі бола алатын тізбек қалыптастырған. Мұнда жүйелі жұмыс Қазақстанның басқа өңірлерінің аграрларымен тығыз байланыста жүргізіледі, өйткені олар да ортақ нәтижеге мүдделі.
Қосымша айта кетсек, Шығыс Қазақстанда мұндай тұқым өңдейтін зауыттар әзірге аз. «Altainews.kz» редакциясының журналистері олардың кейбірінің жұмысымен Солнечное, Опытное поле және Глубокое ауданының Винный ауылдарында танысқан. Бұл жерде тек күнбағыс емес, нарықта сұранысқа ие басқа да майлы дақылдар өсіріледі. Аймақтағы белгілі агрошаруашылықтар әртүрлі аудандарда орналасқан, бұл ішкі нарыққа және экспортқа жөнелту кезінде логистикалық жағынан тиімді орналасу схемасына сай келеді.
Терең өңдеу — толағай табыстарға жеткізеді
Майлы дақылдардың тұқымын өңдеу саласына келсек, соңғы жылдары Өскемендегі бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан май зауытынан бөлек, Глубокое ауданының Предгорное ауылында заманауи кәсіпорын ашылды. Облыс орталығында да «ALTAI MAI» деп аталатын тағы бір жаңа өндіріс іске қосылды.
Жуырда облыс орталығына жұмыс сапарымен келген еліміздің Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Қушукова Өскемендегі осы жаңа кәсіпорында болып, оның өндірістік қуатын, ішкі нарық пен экспортқа май жеткізу мүмкіндігін жоғары бағалады.
Осыған қоса, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығымен айналысатын «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының» ғылыми сүйемелдеуі бар екенін ескерсек, күнбағыстың әртүрлі сорттары мен будандарын қоса алғанда майлы дақылдар тізбегін толық қамтитын тік жүйе қалыптасып келеді. Бұл өңір үшін толық өндірістік және қайта өңдеу цикліне қол жеткізу мақсатының нақты орындала бастағанын көрсетеді.
Өндірістік тізбекті толықтыратын тағы бір маңызды буын бар. Оны әзірге Қазақстанның басқа облыстары жоспарлап та үлгерген жоқ. Ол – ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін сертификаттайтын жаңа зертхана. Қытайлық серіктестердің қолдауымен жақында ғана салынып, пайдалануға берілген аталмыш зертхана халықаралық талаптарға сай қатаң стандарттар бойынша өнімді сертификаттайды. Бұл сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік ашады.
Мұның бәрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың II Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында берген тапсырмаларымен үйлеседі. Онда егіс алқаптарын әртараптандыру, экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері атап өтілген болатын. Мақсат — азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, тек азық-түлік пен агроөнеркәсіп өнімдері емес, сонымен бірге тұқым, сорттар, будандар, технологиялар мен құрал-жабдықтарға қатысты шетелдік тасымалдауларға тәуелділікті азайту.
Әлеует және ресурстар
Сарапшылардың пікірінше, агроөнеркәсіп саласында өзін-өзі қамтамасыз етуге, импортты азайтуға және шикізаттық бағыттан бас тартуға бетбұрудың басты пайдасы — бұл ресурстардың жаңғыртылатын қасиетіне негізделуі. Бірақ бір маңызды жайт бар: органикалық егіншілік пен өнім алу топырақты тоздырмауы тиіс. Ол үшін егіс айналымын дұрыс жоспарлап, тыңайтқыштар қолданып, жердің құнарын арттыру қажет. Сонда ғана күнбағыстан кейін топырақ қайта қалпына келіп, қуатын толықтыра алады.
Жоғары табысты дақылдың болашағы бар екенін көрсететін тағы бір жанама дәлел — ағылшын тіліндегі «oil» атауы. Бұл сөз «қара алтын» ұғымымен байланыс тудырып, «жасыл күн» тәртібінде жаңаша мәнге ие, яғни, бізге «басқа мұнай» қажет деген ойды меңзейді.
Мәселе тек экологияға зиянды көміртекті азайту немесе декарбонизация бағытымен шектелмейді. Бұрынғы замандардың өзінде ғалым Дмитрий Менделеев мұнайды бүгінгі деңгейде пайдалану «пешті ақшаға жағып отырғанмен бірдей» деп бағалаған. Тау-кен өнеркәсібімен, металлургиясымен және өңдеу саласымен танылған Шығыс Қазақстан үшін экономикалық жағдайға қарай салмақты балама бағыттарға бұру — уақыт талабы. Сондықтан, өңірде ауыл шаруашылығын, сондай-ақ ішкі және сыртқы туризмді көрші елдердің тәжірибесіне сүйене отырып дамытуға басымдық беріледі.
Туристер мен қонақтар үшін жаз айларында жайқалған күнбағыс және нәзік сары түсті рапс алқаптарында фотосессия жасау қалыпты бағдарламаға айналды. Бір ғана сапалы сурет бұқаралық ақпарат құралдарында немесе әлеуметтік желілерде өңірдің танымалдылығын арттырып, жағымды имидж қалыптастыруы кейде ауқымды жарнама науқанының әсерінен де күшті болуы мүмкін.
Өмір сапасына басымдық беріледі
Қазақстан аграрларының форумында айтылғандай, бүгінде халықтың шамамен 37 пайызы ауылдық жерде тұрады. АӨК саласы экономиканы алға сүйрейтін өсімнің әлеуетті нүктесіне айналуға қабілетті.
Шығыс Қазақстанда бірнеше жылдан бері «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы жүзеге асып келеді. Оның мақсаты — қала мен ауыл арасындағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тарихи, спорттық және рухани байланыстарды нығайту. Жуырда Ұлан ауданындағы Таврия ауылында және Катонқарағай ауданының орталығында жаңа үлгідегі спорт-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сонымен бірге заманауи әлеуметтік нысандар іске қосылып, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Облыс басшылығы халықтың өмір сапасын жақсартуға, жұмыс орындарын ашуға және еңбекпен қамтуды қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.
Өткен ғасырда қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты толықтай жою қажеттігі жөнінде ұрандар болған. Алайда, мұны жүзеге асыру мүмкін емес, себебі ауылдың күнделікті өмір салтын қалалық ортаға сол күйі көшіру де, керісінше жасау да мүмкін емес. Бірақ болашақта қала мен ауыл тұрғындарының өмір сапасын бір стандартқа жақындату — шынайы орындалатын міндетке айналып отырғаны анық.
Тайыр Сапарғалиев,
Аударған: Дәурен Аллабергенұлы,




