Марқа елінің мақтаны болған балуан
Сексен дейтін сеңгірді бағындырған ақсақалдың сырт пошымына қарап: «Осы кісі заманында бозкілемде белдескеннің жауырынын жер иіскетпей жібермеген» дегенге илана қою қиын. Өйткені, әлдебір балуан жайлы сөз бола қалса, кез келген адамның көз алдына жауырыны қақпақтай, бұлшық еті тоқпақтай апайтөс алыптың тау тұлғасы келе қалары сөзсіз. Ал, Altainews.kz бүгінгі кейіпкері Алтай ақсақал екі иығына екі кісі мінерлік еңгезердей болмаса да, қаршығадай ғана қағылез, қазақтың қара шалы. Бойының сәл еңкіш тартқаны болмаса, қимылы ширақ, қолдары әлі де қайратты.
Жасырары жоқ, қазір 80-дегі ақсақалдардың қайсыбіріне өткені жайлы әңгімелеп бер десең, бірді айтып, бірге кетіп, ақыры айналып кеп «Не айтып жатыр ем?» деп өзіңнен сұрайтындары бар. Тфә-тфә, тіліміз тасқа. Ол жағынан алғанда Алтай Күлимановтың санасы да саңғырлап тұр. Осыдан 50-60 жыл бұрын қай жерде, кіммен және қандай жарыста күрескені. Сол кездегі кілемде белдескен қарсыластары мен жаттықтырушылардың, совхозға басшылық жасаған азаматтар мен әскерде болған офицерлердің аты-жөндеріне дейін жатқа соғады. Тетігін басып қалсаң, сайрай жөнелетін патефон секілді. Сәтін салып жолығып қалғасын, жігіттік шағы жайлы айтып беруін өтінгенбіз.
ЖЕҢІСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖЕҢІЛІСТІҢ САБАҒЫ...
– Мен 1941 жылдың қаңтарында бұрынғы Марқакөл ауданының орталығы Теректі (ол кезде Алексеевка аталатын) ауылында дүниеге келіп, сол жердегі он жылдық мектептен білім алдым, – дейді өткен күндеріне ой жүгірткен балуан ағамыз. – Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ күреске бейім болдым, алыса кеткен адамды алып ұратынмын десем өтірік болар. Ол кезде немене, соғыстан кейінгі елдің жаңа-жаңа ес жиып, аяғынан тұра бастаған уақыты. Қазіргі неше түрлі спорттық құрал-жабдықтарды айтпағанда, ол кезде мектептерде спортзал да жоқ. Денешынықтыру пәнінен сабақ беретін А.Кошков деген мұғаліміміз болды. Доп ойнасақ та, жүгіріп-секірсек те, қыс мезгілінде шаңғы, коньки тепсек те бәрі далада болатын. Бала болғасын алысып-жұлысып жүріп өстік қой.
- Сізді кезінде жақсы күрескен дейді неше жасыңыздан бастап күрестіңіз?
– 1959 жылы мектеп бітіріп, Өскеменнің пединститутына оқуға түстім. Сол кезден бастап күреске қатыса бастадық. Жаңа жыл қарсаңында Институт біріншілігі өтетін болды. Қасымдағы жігіттермен ақылдасып, әлгі жарысқа мен де қатыстым. Қатысқанда, жай ғана қатысып қоймай, 57 келі салмақ дәрежесінде чемпион атандым. Бұл менің бозкілемдегі тұңғыш белдесуім әрі тұңғыш жеңісім болатын. Ойламаған жерден жеңімпаз атанып, достарыммен арқа-жарқа боп жатсам, сол кездерде есімі елге танымал Валерий Дарчалинов деген күрес бапкері оңаша шақырып алып, осыдан былай бірыңғай күреспен айналысуыма кеңес берді.
Сол жарыстан соң еркін күреске ден қойып, жаттығуға үзбей барып жүрдім. Жаңа жыл бастала салысымен Семейде жоғары оқу орындары арасында дәстүрлі біріншілік өтті. Ол жарыста мен бірнеше қарсыласымнан басым түсіп, нәтижесінде жүлделі екінші орын алдым. Бірақ, мен финалда қарсыласыма шамам жетпегендіктен жол бергем жоқ.
- Қалайша, жеңіп тұрсаңыз.., әлде төрешілер қаралық жасады ма?
– Жоқ, ешқандай қаралық болған жоқ. Ол кезде тең түскен балуандарға баға берудің өзіндік тәртіптері болатын. Әуелі салмақ айырмашылығына қарап, кімнің салмағы жеңіл болса, жеңіс соған жазылады. Сосын, белдесу барысында кім қандай тәсіл және оны қанша рет қолданды – бәрі есепке алынады. Оның үстіне ол республикалық жарыстардың жүлдегері екен. Рейтинг дейді ғой, ол да ескерілді. Біз секілділерді ол кезде «новичок» дейді. Соған қарамастан залдағы жұрт мені жақтап ысқырып, «Дұрыс емес!» деп, шуылдасып жатты. Мен үшін соның өзі үлкен жеңіспен пара-пар еді. Дегенмен, осы жеңілістің кермек дәмі маған сабақ болып, намысымды қамшылады. Келер жылы 63 келіге ауыстым. Қай жерде, кіммен күресіп, қалай жеңіске жеткенімді тәптіштеп айтсам, мақтанғандай болармын. Әйтеуір институтты тәмамдап диплом алғанға дейінгі төрт жылда төрт мәрте қаланың, төрт мәрте облыстың чемпионы атанғаным бар.
ОФИЦЕРДІ АЛЫП ҰРҒАН
- Тамаша көрсеткіш екен. Ал, диплом алғасын не істедіңіз?
– Оқудан соң Алексеевкадағы өзім оқыған мектепке мұғалім боп орналастым. Бірақ, сол жылы күзде әскерге шақырылып, Түркменияның Кушка қаласында танк полкына түстім. Климаты аса ыстық, Ауғанстанмен шекаралас жер екен. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген жас сарбаздар сол жерде карантиннен өтіп, присяга қабылдайтын болдық. Бірде, күн сенбі болатын. Спорт алаңқайында сарбаздар арасында күрестен сайыс өтті. Тамашалап отырмыз. Ұлты тәжік пе, әлде шешен бе бір сарбаз ортаға шыққандарды алып та, шалып та жығып, ешкімді шақ келтірмеді. Өзі әскер қатарына бізден бұрын шақырылған, сондағыларға танылған балуан екен. Әй, бір алты-жеті жігітті жеңді-ау деймін. Ақыры әлгімен күресуге ешкімнің жүрегі дауаламай қалды.
– Қане, тағы кім бар менімен күресетін? – деп, ол тұр ортада. Алқалап тұрғандар тым-тырыс. Қасымда өзіміздің елден әскерге бірге алынған жігіттер отырған. Бір уқытта әлгілердің бірі: – Уа, біз бар, Қазақстаннан! – деп, айғай салды да, маған қарап: – Алтай, сен күресесің. Дәл қазір қазақтың намысын қолдан бермеуіміз керек! – деді, бұйырғандай болып. Мен әне-міне деп сылтау айтқанша кеу-кеулеген екі-үш жігіт итергендей ғып ортаға шығарып жіберді. Расында да, күресіп жатқандардың барлығы да әр елден келген, түрлі ұлт өкілдері болатын.
- Күрескендерді көріп, сіздің де арқаңыз қозып отырған болар?
– Шынымды айтсам, күресуге аса зауқым болмаған. Бірақ, ондай сәтте анау деп, мынау деп ойланып тұруға мұрша бар ма: – Нар тәуекел! Жығылсам жер көтерер, – дедім де, гимнастеркамды шешіп тастап, ортаға шыға келдім. Байқаймын, ананың денесі ірілеу. Салмағының да артық екендігі көрініп тұр. Жалпы, менің жаттықтырушыларым маған үнемі: «Сен өте шапшаң күресесің. Қайсыбір қимылдарыңа көз ілеспей де қалады. Тегінде осы қасиетіңді ұтымды пайдалана біл» деп кеңес беріп жүретін. Осы жолы да солай болды. Әп-сәтте қарсыласымның ішіне кіріп үлгердім. Күрескен адамдар біледі, ішке сәтті өту – жарты жеңіс. Бұлай болады деп ол да ойламаса керек, қас пен көздің арасында жауырынымен түсіп, астымда қалып қойды. Тамашалап тұрғандар шу ете қалды.
- «Байқамай қалдым, қайта күресейік» деп дау шығарған жоқ па?
– Жоқ. Ол да жігіт екен. Қайсыбіреулер құсап дау шығарып, қайта белдесеміз деген жоқ. Қолымды көтеріп тұрып, сарбаздарға қарата: «Слюшай, у этого казаха бешанный скорыс. Я не успел маргнут, уже на спине лежу» деп өзінің жеңілгенін бірден мойындады.
Осы кезде аға лейтенант шені бар бір офицер келіп қалып, әлгі балуаннан: – Мынау сені қалайша жеңіп кетті ей? – деді, дігірлеп. Сөйтті де, сұқ саусағын нұсқап: – Енді менімен күресесің! – деді, бұйыра сөйлеп. Өзі менің келісімімді күтпестен шешіне бастады.
– Осыншама кіжінгеніне қарағанда, осындағы мықтылардың бірі болды-ау?! – деп ойладым. Бірақ, шегінетін жер жоқ және офицер екен деп жеңіле салуға да болмайды. Негізі, шапшаңдыққа байланысты айтарым, мен өзім табиғатымнан шалт қимылдайтын адаммын. Сосын күреске дейін аз уақыт болса да спорттық гимнастикамен шұғылданғаным да өз септігін тигізді-ау деп ойлаймын.
- Содан не болды, әлгі офицермен күрестіңіз бе?
– Сонымен, сарт та сұрт белдесе кеттік. Жиналғандар бұрынғыдан да қатты шулап, даурығысуда. Арада бір минутқа жеткізбей, әлгі офицерді де алып ұрдым. Мұнда да шапшаңдық өз дегенін алды...
«ЖЕҢІС ДЕГЕН ОҢАЙЛЫҚПЕН КЕЛМЕЙДІ...»
Сол оқиғадан соң көп ұзаған жоқ, бір күні таңертең мені бір капитан оятты. Орнымнан ұшып түрегелдім. Фамилиямды сұрады да: – Киініп, соңыма ер! – деді. Былай шыға кім екенін, неге келгенін айтты. Сөйтсем, сол күні Дивизия біріншілігі басталмақ екен. Менің өткендегі күресім жайлы елден естіп, «қолқа» сала кепті. Қолқа дегенім аты ғана, әйтпесе білдей бір офицер бұйырса да күрестіреді ғой. Сонымен «Танкистер полкы командасының капитаны боласың. Қазір таңғы асыңды ішпестен «Офицерлер үйіне» салмақ өлшеуге барамыз» – деді.
Менің салмағымда 19 балуан бар екен. Өлшеніп болғандары кетіп жатты. Мен тапжылмай сол жерде отырдым. Өйткені ол жерде балуанның қайдан екендігі, қандай спорттық көрсеткіштері бар, қанша жылдан бері күресіп жүргені жайлы мәліметтер айтылады. Менен басқа 18-дің арасында екі спорт шебері бар екен. Өздері әскерде жүргендеріне біраз болып қалған. Бірі Утюпин деген орыс, екіншісі Аминов деген әзірбайжан жігіті.
- Өткендегі сізден жеңіліп қалған жігіт емес пе?
– Жоқ, ол басқа, жоғарылау салмақта күресті. Содан он салмақ бойынша Дивизия біріншілігі басталып кетті. Әр салмақ дәрежесінде ең азы 9-10, әйтпесе 15-20-ға дейін балуандар белдесетін болды. Шамамен 150-160 адам қатысты. Утюпин біздің салмақтағы тізімнің ең басында тұрса, мен ең соңына 19-шы боп жайғастым.
«Офицерлер үйі» шамдары самаладай жарқыраған, көздің жауын алатын кең сарай екен. Іші лық толы адам. Жарыстың финалында Утюпин екеуіміз түйістік. Қанша дегенмен спорт шебері емес пе?! Ол да мені зерттеген екен, бірден шабуылға көшті. Сөйтті де, «контр-прием» деген бар, жасалған әдіске қарсы қолданатын айла, соған түсіп қалып, мен Дивизия чемпионы атандым. Кейін бірнеше дивизияның басын қосып өткізген Корпус чемпионатында тағы да жеңімпаз болдым. Әскерден келгесін де, елдегі ірілі-ұсақты той-томалақтарда, сабантойларда күресіп жүрдік.
- Бүгінгі қазақ балуандары көңіліңізден шыға ма? Оларға айтарыңыз бар ма?
– Әрине, үйде отырып алып, біреуге сын айту оңай. Дегенмен қазіргі балуандардың күресін теледидардан қарап отырып, қайсыбірінің шабан қимылына қарадай қарның ашады. Уақыт өтіп жатыр, бір-біріне шапшаң-шапшаң әдіс-айла қолданудың орнына, бірін-бірі ары-бері итеріп, әдейі уақыт өткізіп жүріп алады. Біздің кезімізде бір тәсіл қолданасың, ол шықпай қалса, екінші, үшінші, төртінше әдіске ауысып кететінбіз. Әрине, бұл – «Балуандардың бәрі іске алғысыз» деген сөз емес. Дегенмен өте баяу, шабан қимылдайды. Әлде маған солай көріне ме?! Кейде сондай іш пыстыратын белдесулерді көргенде ашуланғаннан қолымды бір-ақ сілтеп, телевизорды сөндіріп тастаймын. Біздің кезімізде дәл бүгінгідей спортзалдар, басқа да жаттығу құралдары болмады. Соның өзінде балуандар өте алымды болатын. Олимпиада чемпиондары Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыхановтардың тұғырлы жетістіктері сол кездердің көрсеткіштері. Сондықтан, жастарға айтарым, жалқауланбау керек. Алдыңа мақсат қойдың ба, соған жету үшін жаныңды сал. Әйтпесе, қой күресті. Қысқасы – жеңіс оңайлықпен келмейді.
Күлиманов Алтай аға әскерден оралғасын өзімен оқыған катонқарағайлық Күлзипа апайымызға үйленіп, туып-өскен жеріндегі Алексеевка, Қарашілік мектептерінде ұзақ жылдар ұстаз болып, кейін мектеп директоры қызметін атқарады. Бір ұл, төрт қыз тәрбиелеп, өсірген ордалы отбасы.
2004 жылдан бері қалаға қоныс аударған. Қазір екеуі де зейнетте. Ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп, ақар-шақар болып отырған жайлары бар.
Серік Құсанбаев