Дауылды ескерту жарияланды
«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан филиалының мәліметінше, 15 желтоқсанда облыс аумағында қолайсыз ауа райы қалыптасады. Облыстың шығысында, оңтүстігінде және орталық бөлігінде қар жауып, бұрқасын соғып, көктайғақ күтіледі, деп хабарлайды Altainews.kz.
Күндіз облыстың солтүстігінде және оңтүстігінде қар қалың жауып, бұрқасын мен көктайғақ сақталады. Сондай-ақ солтүстік, шығыс және оңтүстік аймақтарда тұман түсуі ықтимал.
Жел оңтүстік-шығыстан соғып, оңтүстік-батысқа ауысады. Желдің жылдамдығы облыстың бірқатар өңірлерінде 15–20 м/с, екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді.
Өскемен қаласында күндіз қалың қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Осыған байланысты тұрғындарға ұзақ сапарларды кейінге қалдыру немесе одан мүлде бас тарту ұсынылады. Егер жолға шығу қажеттілігі туындаса, алдын ала мұқият дайындалып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет.
Жолға шыққанда өзіңізбен бірге арқан, күрек, әйнек тазалайтын қырғыш, отын қоры, шам, жылы киім, ұялы телефон, зарядталған power bank, қолшам, азық-түлік қоры, ыстық шай құйылған термос алған жөн.
Сапар алдында жол жағдайын нақтылап алу ұсынылады. Ол үшін «Дәрмен» тегін ұялы қосымшасын пайдалануға болады. Жол бойында мүмкіндігінше байланысқа шығып, жүрген орныңызды жақындарыңызға хабарлап отырған дұрыс.
Жүргізушілерге дауылды ескертуді ескеріп, жолда жылдамдық режимі мен арақашықтықты сақтауға шақырамыз. Жаяу жүргіншілер де жарақат алу қаупін азайту үшін барынша сақ болуы тиіс.
Қатты жел кезінде ғимараттардың қабырғасына жақын тұрмау, аялдамалар, жарнама қалқандары, ағаштар мен электр беру желілерінің маңында аялдамау қажет. Сондай-ақ автокөліктерді ағаштардың жанында немесе бос тұрған құрылымдардың маңына қоюға болмайды.
Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «112» нөміріне хабарласу қажет.