Буллингті дер кезінде анықтау: оның алдын алудың ең тиімді жолы
depositphotos.com
Қазақстанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарында қолайлы орта қалыптастыру мақсатында буллинг пен кибербуллингке қарсы күрес ерекше назарда тұр. Бұл мәселенің өзектілігіне байланысты мемлекет заңнамалық тұрғыда да, профилактикалық бағытта да бірқатар маңызды шара қабылдады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, буллингтің алдын алу, оны дер кезінде анықтап, жедел әрекет ету – буллингтің кеңеюіне жол бермейтін ең тиімді тәсіл болып саналады. Мамандардың айтуынша, эмоционалдық және физикалық қысым көрген әрбір баланың тағдырына бейжай қарамау – қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан да буллингке қатысты кез келген сигнал назардан тыс қалмауы тиіс, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Буллинг дегеніміз – баланы жүйелі түрде мазақ ету, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, кемсіту немесе әлімжеттік жасау. Оның дәстүрлі және кибер нұсқалары бар: сынып ішінде оқушыны шеттету, итеру, мазақ ету, жеке заттарын бүлдіру; сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қорлайтын хабарламалар, фотолар, видеолар тарату, жалған ақпарат тарату – кибербуллингке жатады. Буллингтің белгілері де әртүрлі, атап айтқанда, баланың көңіл күйінің күрт өзгеруі, сабақ үлгерімінің төмендеуі, мектепке барудан қорқу, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, оқшаулану, ата-аналарға немесе мұғалімдерге түсініксіз себептермен жиі шағымдану сияқты факторлар қауіп тудыруы мүмкін.
Қазақстанда буллинг ұғымы заңнамалық деңгейде алғаш рет 2022 жылы бекітілді. Сол жылы «буллинг» және «кибербуллинг» терминдері ресми түрде құқықтық актілерге енгізіліп, мемлекет балалардың психологиялық қауіпсіздігін қорғау бойынша нақты қадамдар жасай бастады. Ал 2024 жылдан бастап буллинг әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Бұл құқықтық өзгерістер қоғамдағы кез келген зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым түріне қарсы нөлдік төзімділік саясатының көрсеткіші болып табылады. Заңға сәйкес, егер буллинг жасаған бала 12–16 жас аралығында болса, оның ата-анасына ескерту беріледі немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда айыппұл 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бұл норма ата-аналардың жауапкершілігін күшейтіп, балалар арасындағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоюға бағытталған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың 11 айында елімізде буллингке байланысты 404 іс тіркелген. Олардың 238-і бойынша азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандардың айтуынша, мұндай мәліметтер білім беру ұйымдарындағы бақылауды күшейтіп, алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жетілдіру қажеттігін дәлелдейді. Әрбір тіркелген іс – нақты баланың тағдыры, сондықтан да бұл көрсеткіштер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.
Буллинг туралы ақпаратты оқушының өзі, ата-аналар, куәгерлер, педагогтер, психологтар, әлеуметтік педагогтер, күзет қызметі немесе басқа да мектеп қызметкерлері хабарлай алады. Әр білім беру ұйымында арнайы Антибуллинг тобы жұмыс істейді. Бұл топқа кез келген адам өтініш бере алады, ал топ мүшелері түскен сигналды дереу қарастырып, жағдайға дұрыс құқықтық және психологиялық баға береді. Мұндай жүйе балаларды қорғау механизмдерінің ашық және тиімді болуына мүмкіндік береді.
Егер буллингтің куәсі болсаңыз, сіздің әрекетіңіз өте маңызды. Ең алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Қақтығысты сабырлы түрде тоқтатып, қажет болған жағдайда ересектерді немесе ұйым қызметкерлерін шақырған жөн.
Оқиға туралы мектеп әкімшілігіне немесе Антибуллинг тобына дереу хабарлау – жауапты қадам. Байланыс болмаған жағдайда 111 нөміріне хабарласуға немесе тиісті құқық қорғау органдарына жүгінуге болады. Ең бастысы – баланы жалғыз қалдырмай, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету. Егер бала қорқып қалған немесе зардап шеккен болса, оған медициналық көмек көрсету немесе медқызметкерге жеткізу қажет.
Балаға алғашқы әңгіме жүргізу – буллингті анықтау процесінің ең маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл әңгіме өте мұқият, қысымсыз, сабырлы түрде өтуі керек. Балаға дөрекі сұрақ қоймау, оның сөзін бөлмеу, ақпаратты қайталап айтуды талап етпеу және ешқандай кінә тағу – қатаң сақталуы тиіс ережелер. Жиналған ақпарат нақты, дәл және құпия түрде тіркелуі керек, өйткені баланың психологиялық жағдайына зиян келтірмеу – бірінші кезектегі міндет.
Бұдан кейін психолог, әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі жағдайды жан-жақты зерттеп, баланың эмоционалдық жағдайын бағалайды. Олар жанжалға қатысқан барлық тараптармен жұмыс жасап, қайталану қаупін анықтайды. Мақсат – тек буллингті тоқтату емес, сонымен қатар оның салдарын жою, баланың өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету және білім беру ортасында қолайлы атмосфера қалыптастыру. Қажет болған жағдайда медициналық қызметкерлер тексеріс жүргізіп, баланың денсаулығын бақылауға алады.
Оқиға туралы толық ақпарат жиналғаннан кейін жағдай білім беру ұйымының ішінде немесе жергілікті білім бөлімі деңгейінде қаралады. Мұнда буллингтің бар-жоғы анықталып, баланы қорғау шаралары белгіленеді. Сондай-ақ, буллингке бастамашы болған тұлғамен тәрбие жұмыстары жүргізіліп, ата-аналар мен педагогтерге нақты ұсыныстар беріледі. Буллингке әкелген себептер анықталып, оның алдын алу бойынша мектеп деңгейінде жүйелі жұмыс ұйымдастырылады.
Жәбірленуші бала психологтың бақылауына алынып, қажетті қолдау көрсетіледі. Егер буллинг фактісі расталса, барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, әкімшілік шара қолданылады. Ең бастысы – мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстар жалғасады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі атап өткендей, буллингтің әрбір эпизоды міндетті түрде қаралуы тиіс. Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – мемлекеттің де, білім беру ұйымдарының да, ата-аналардың да ортақ міндеті.
Буллингті дер кезінде анықтау, оған жедел әрекет ету және балаларға моральдық әрі құқықтық қолдау көрсету – қоғамның кемел болашағын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Жайна Сыранова