Жыл көшбасшысы: бір жеңістің тарихы немесе ұша білген қанатқа аспан кең
Биыл өңірдегі ірі алпауыт өндірістердің бірі – «Казцинк» кәсіпорны әлеуметтік қолдау қызметінің жетекші маманы әрі жастар кеңесінің төрайымы Жансая Жанболатова «Jastarmen birge» байқауының «Жыл көшбасшысы» аталымында «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының лауреаты атанды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл оның еңбегіне көрсетілген зор сенім мен құрметтің белгісі, ал компания үшін жас көшбасшыларды анықтау мен қолдаудағы дұрыс бағыттың айқын дәлелі.
Қазақстанда ағымдағы жыл ресми түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл шешімнің мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, сондай-ақ жастарды сұранысқа ие индустриялық, өндірістік, инженерлік және қолөнер бағыттарына тарту. Осындай жағдайда жастар ұйымдарының рөлі арта түспек. Олар мемлекеттік бастамалар мен жас мамандар, жұмысшылар, болашақ инженерлер және әлеуметтік белсенді азаматтар арасындағы маңызды көпірге айналады.
Біздің кейіпкеріміз Жансая Жанболатова тоғыз жылдан бері адамдармен тығыз жұмыс істеп, корпоративтік бастамаларды дамытып, өз кәсіпорнындағы жастар қозғалысын нығайтып келеді. Оның айтуынша, бұл жұмыс үлкен бір мақсатқа белсенді әрі жауапты буынды қалыптастыруға қосылған ортақ үлес.
Мейірім картинасы – осы жылдың ерекше шарасы
Жансая Жанболатованың айтуынша, жастар кеңесіне ол кәсіпорынға жұмысқа орналасқан сәттен, яғни, тоғыз жыл бұрын қосылған. Ол кезде белсенділер саны отыздың шамасында болса, бүгінде жүзден асып жығылады. Мұндай кеңестер компания филиалдары орналасқан барлық қалаларда жұмыс істейді. Өскеменде, Риддерде, Алтайда, сондай-ақ Көкшетаудағы және Жәйрем кентіндегі өндіріс орындарында ашылған.
Жастар кеңесінің атқаратын міндеттері әлдеқашан қарапайым жастар бірлестігінің шеңберінен шығып кеткен. Негізгі мақсат – жас мамандардың біртұтас командасын қалыптастыру, әркім өзін көрсете алатын орта құру. Біреулер шығармашылыққа бейім. Түсірілімдерге қатысады, жаңа идеялар ұсынады, сценарий жазады. Екіншілері қайырымдылықпен айналысады. Балалар мекемелеріне, жануарлар панажайына көмектеседі, волонтёр ретінде өздері қамқорлыққа алған ұйымдарға қолдау көрсетеді. Үшіншілері болса, спортты серік етеді. Қалалық жүгіру жарыстарына, ұжымдық сайыстарға, «Белсенді жастар» сияқты конкурстарға қатысады.
Жансая кеңестің бағыттары өте көпқырлы екенін айтады. Жастар корпоративтік шараларды ұйымдастыруға атсалысады, қалалық кездесулерде волонтёр болады, облыс және қала жастарының ресурстық орталықтарымен ынтымақтасады, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған кәсіби бағдар беру әңгімелеріне қатысады. Кеңес мүшелері аймақ деңгейіндегі басшылармен тұрақты кездесіп, қалалық жастар саясаты мәселелерін талқылайды, өз жобаларын ұсынып, жүзеге асырады.
Жастар әлеуметтік саланы да назардан тыс қалдырмайды. Кеңес мүшелері сенбіліктерге қатысады, аумақтарды тазалайды, республикалық іс-шараларға шығуға дайын. Биылғы жыл тақырыптық республикалық форумдарға толы болған. Олардың қатарында Ақтау мен Атырауда өткен ауқымды жиындар бар. Сонымен бірге кеңес белсенділері «SCO Youth Dialogue» форумына қатысты. Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің жас көшбасшылары мен таланттарын біріктірген аталмыш шара Үлкен Нарын ауылында ұйымдастырылды. Бұл шығысқазақстандықтар үшін ерекше мақтаныш.
Жастар кеңесі – тұлғалық қалыптасу алаңы
Жансая Жанболатова жастар кеңесінің төрайымы болып 2019 жылы сайланды. Бұған дейінгі жетекші компаниядан кеткен соң, кеңесте бірқатар кандидат өз бағдарламаларын ұсынып, үгіт жұмыстарын жүргізген сайлау өтті. Дауыс беруге белсенділер мен бөлім басшылары қатысып, көпшіліктің таңдауы Жансаяға түсті. 2021-2023 жылдары ол декреттік демалыста болып, осы кезеңде өз міндеттерін әріптесіне уақытша тапсырды. Жұмысқа қайта оралған соң, кеңес белсенділері оны бірауыздан тағы да қолдады.
Бүгінде кеңестің негізгі міндеттерінің бірі – өндірістегі жұмыстың тартымдылығын жастарға таныстыру. Кеңес төрайымының айтуынша, жастар зауытты тек ауыр еңбек орны ретінде емес, үлкен ұжым, түрлі көзқарастағы адамдар қауымы, әлеуметтік-мәдени өмірі қарқынды орта және кәсіби даму мүмкіндіктері бар кеңістік ретінде қабылдауы маңызды.
Жастар кеңесі компанияның барлық бөлімшелерін қамтиды. Жүйеде жұмыс істейтін 18 бен 40 жас аралығындағы кез келген қызметкер кеңестің белсенді мүшесі бола алады. Жиналыстар тоқсан сайын өткізіледі. Жастар қауымдастығының бір бөлігі болғысы келетіндердің барлығы бұл қатарға қабылданады.
Көшбасшылық келбет бала кезден қалыптасқан
Жансая Жанболатованың белсенді өмірлік ұстанымы бала кезінен қалыптасқан. Мектепте ол сынып старостасы болды, түрлі іс-шараларды жүргізді, байқаулар мен олимпиадаларға қатысты, тіпті жүргізуші рөлін де атқарды. Колледжде де үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді.
Жансаяның кәсіби жолы да компаниямен тығыз байланысты. Ол колледжді «Түсті металдар металлургиясы» мамандығы бойынша аяқтап, өндірістік тәжірибесін «Казцинктен» өтті, содан кейін осында жұмысын жалғастырды. Кейін қаржы саласы бойынша жоғары білім алып, бүгінгі таңда әлеуметтік қызметкер, яғни адамдармен күнделікті байланыс орнататын маман ретінде қызмет етеді. Жұмыс пен қоғамдық белсенділік өзара үйлесіп жатыр. Жансаяның айтуынша, ұжымның мүмкіндіктерін білу, адаммен тез тіл табысу, кез келген жағдайға бейімделе алу қасиеттері қызметтік міндеттерді де, жастар жобаларын да табысты жүзеге асыруға көмектеседі.
Бүгінде жастар кеңесінің мүшелері артқа көз салып, шегініс жасасақ, айтарлықтай дамуды көрсетеді – бастамалар ауқымдырақ, әлеуметтік белсенділік жоғарырақ, жобалар пайдалырақ бола түсті. Ұжым қалалық та, республикалық та деңгейде өзін сенімді түрде танытып, тек кәсіпорынды ғана емес, бүкіл өңірді лайықты дәрежеде әйгілеп жүр.
Өмірлік серігін де жастар кеңесінен тапты
Жансая Жанболатованың өмір жолы тек жұмыспен шектелмейді. Ол отбасылы. Ең қызығы – оны болашақ жұбайымен таныстырған да осы жастар кеңесі болды. Олар бір-бірін дәл осы ұйымның жиналыстары мен жобаларында байқап, жақын араласа бастаған. Осылайша, белсенді екі жас жолдары түйісіп, 2019 жылы шаңырақ көтерді. 2022 жылы олардың қыздары дүниеге келді.
Қазіргі жастарға қандай қасиеттер керек деген сұраққа Жансая ең алдымен қарапайым адами құндылықтарды атайды.
Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осындай кезеңде Жансая Жанболатова сынды бастамашыл жастар мен олардың жұмысы бұрынғыдан да маңызды. Мемлекет пен ірі кәсіпорындар білікті кадрлардың рөліне, кәсіптің – тұрақты дамудың негізі екеніне ерекше назар аударып отырған шақта, жастар қозғалысының белсенділері нағыз «мансаптық өсудің» кейіпкерлеріне айналуда. Олар жас қызметкерлерге өндіріс ішіндегі мүмкіндіктерді көріп, өзін үлкен өндірістік қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінуге, алға ұмтылудың мүмкін әрі нақты екеніне көз жеткізуге көмектеседі.
Алёна Мирославская
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова, Жансая Жанболатованың жеке архивінен

