Шығыс Қазақстан облысында республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда қозғалыс қайта ашылды
Шығыс Қазақстан облысында ауа райы жағдайының жақсаруына байланысты бірқатар республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс қайта жанданды, деп хабарлайды Altainews.kz.
«КАЖсервис» ЖШС-нің ШҚО филиалы мәліметіне сәйкес, 14 желтоқсан сағат 07:00-ден бастап республикалық маңызы бар «Өскемен – Семей» автожолының 10–103 шақырымы (Герасимовка ауылы – Абай облысының шекарасы), «Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының 15–105 шақырымы (Белоусовка кенті – Риддер қаласы), сондай-ақ «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының 1104–1191 шақырым аралығы (Глубокое кенті – Шемонаиха қаласы) бойынша қозғалысқа рұқсат берілді.
Сонымен қатар, «ОблШығысЖол» ЖШС ақпаратына сәйкес, осы уақыттан бастап облыстық маңызы бар «Васильевка – Бозанбай – Алғабас – Тарғын» автомобиль жолының 12–36 шақырымында (Алғабас ауылы – Тарғын ауылы) да автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс қайта ашылды.
Жол қызметтері жол бойындағы жағдайды бақылауда ұстап отыр. Мамандар жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеруге, жылдамдық режимін сақтауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға шақырады.