KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
499.74 525.23 5.6

«Ғасырлық дәстүрлер»: Өскеменде алғашқы республикалық кілем тоқу фестивалі өтеді

Бүгін, 19:00 40 Төлеуғазы Жансая

6-7 наурызда Өскеменде «Ғасырлық дәстүрлер» атты кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының алғашқы республикалық фестивалі өтеді. Бұл іс-шара креативті индустрияларды дамыту аясында Халықаралық әйелдер күні мен Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Фестивальдің ұйымдастырушылары – Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасы, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы және ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы өздеріне өршіл мақсат қояды. Ол – халықтық кілем тоқу дәстүрлерін насихаттау, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.

Фестиваль бағдарламасы өте қызықты болады. 7 наурызда Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының ғимаратында қолданбалы өнер шеберлерінің бірегей туындылары ұсынылатын көрме-жәрмеңке өтеді, сондай-ақ әртүрлі қолөнер түрлерімен танысқысы келетіндерге шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Фестиваль 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шарамен аяқталады, деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Фестивальдің қазылар алқасына Қазақстанның қолөнер және өнер саласының белгілі тұлғалары кіреді, олардың қатарында Қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекқұлова, сәнгер, Tarbiya brend сән үйінің жетекшісі, Tarbiya брендінің негізін қалаушы Тарбия Айдымбаева, «URSHUK» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Бибігүл Карденова, Шығыс Қазақстан облысы қолөнершілер ресурстық орталығының жетекшісі Райса Мұхамеджанова және Суретшілер одағының мүшесі Күләш Ақашова бар.

Фестиваль еліміздің мәдени мұрасын сақтауда маңызды қадам болмақ. Фестиваль жеңімпаздарының туындылары музей-қорыққа сыйға тартылып, оның қорын толықтырады.

Фестивальға 8 облыстан және республикалық маңызы бар екі қаладан 27 шебер қатысады. Олардың арасында халықаралық байқаулар мен көрмелердің жеңімпаздары, сондай-ақ ЮНЕСКО сапа белгісімен марапатталған шеберлер бар. Шығыс Қазақстан облысының қатысушыларына ерекше назар аударылады, олар – 8 шебер, қатарында тәжірибелі қолөнершілер мен жас таланттар да бар.

Фестиваль Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында өтеді(Өскемен, Протозанов көшесі, 43).

 

Фото: ӨКҚ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу