KZ
Өскемен
+1°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
522.38 612.6 6.54

Шығыста поэзия мерекесі: «Жыр дауылпазы» кітабы оқырманға жол тартты

25.08.2025, 19:00 359 Төлеуғазы Жансая

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ерекше әдеби шара өтті. Бұл күні Тарбағатайдың тумасы, ақын Сағдолдин Сайлаухан Сағымұлының жаңа кітабы – «Жыр дауылпазы» атты жыр жинағының тұсауы кесілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сайлаухан Сағымұлы – Ахметбұлақ ауылында 1955 жылы туған. Ақынның шығармашылық жолы ұзақ жылдарға созылып келеді. Ол 2009 жылы «Поэзия кітапханасы» атты алғашқы кітабын, 2017 жылы «Тарбағатай Сұңқары» атты екінші жинағын жарыққа шығарған. Сондай-ақ, бірнеше ұжымдық жинақтарға енген өлеңдері бар. Оның жырлары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Ақын еңбегі еленіп, «Тарбағатай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Жаңа кітаптың тұсаукесері де ерекше өтті. Кештің шымылдығын ашқан кітапхана директоры Нұргүл Тлеубекова ақынға облыстық мәдениет басқармасының сый-сияпатын табыс етті. Ал Тарбағатай ауданынан келген қонақтар атынан қоғам қайраткері, билер алқасының төрағасы Төлеубек Қалимажанов Құттықтау хат пен арнайы төсбелгі ұсынды.

Кеш барысында ақынның шығармашылығына құрмет білдірген жандар көп болды. «Желтоқсан-1986» облыстық қауымдастығының жетекшісі Марат Рамазанов ақынға ризашылығын айтып, Сәбира Мұхамеджанованың бейнесі бейнеленген естелік сыйлық табыс етті. Астанадан жерлестері арнайы видеоқұттықтау жолдаса, Алматы мен ауданнан келген қаламгерлер өз лебіздерін өлеңмен жеткізді.

Жиналған жұртшылық ақынмен ашық сұхбат құрып, жаңа жырларын тыңдап, өлеңдеріне жазылған әуезді әндерді тамашалады. Шынайы шығармашылық кеш жиналғандарға рухани серпіліс сыйлап, жыр сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды.

Фото: А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу