KZ
Өскемен
-27°
туман Штиль
510.43 594.86 6.49

 Шәмші мен Жұмекеннің кеші өтті

5.06.2025, 18:30 372 Серік Құсанбаев

Шығыс Қазақстан Облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы  кітапханасында  «Ұлы елдің ұлы тұлғалары» – Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы мен Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған кітап көрмесінің тұсаукесері өтті.

Қазақстанның мәдени және әдеби кеңістігінде өшпес із қалдырған қос ұлы тұлға – сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің мерейтойларына орай кітапханамызда  «Ұлы елдің ұлы тұлғалары» атты тақырыппен ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрменің басты мақсаты – халқымыздың рухани байлығын арттыру, жастарға өнеге боларлық өмір жолын көрсету және ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара  оның бай мұрасын дәріптеуге бағытталды. Шәмші Қалдаяқовтың әндері қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Оның «Арыс жағасында», «Теріскей», «Ақ бантик», «Әнім сен едің» сияқты әндері әрбір қазақтың жүрегінен орын алған. Бұл әндер тек музыка ғана емес, олар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, болмысы туралы сыр шертеді.

Іс-шара барысында  ұлы композитордың әндері шырқалып, өмірбаянына кеңінен тоқталып, қос тілде бейнематериалдар ұсынылды.

Көрменің екінші бөлімі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналды. Кітап көрмесінде ақынның шығармалары мен өмір жолын таныстыратын әдебиеттер ұсынылды. Жұмекен жырларына талдау жасалып, оқырмандармен еркін пікір алмасу өтті. Ақынның  «Дала», «Аспанда күн барда, әлемде сыр барда», «Баурай бұлты жаңа көшті баяулап..» туындыларын  оқырмандарымыз  нақышына келтіріп оқып берді.

Бұл өлеңдер Жұмекен Нәжімеденовтің табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті, өмірдің мәні мен сұлулығын терең сезіммен жеткізген шығармалары болып табылады. Олар қазақ поэзиясының асыл мұралары ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, оқырмандарды ойлануға, сезінуге және табиғатпен үндесуге шақырады.

Қазақ руханиятының қос жұлдызы  Шәмші мен Жұмекен – ұлттық рухты жаңғыртушы, өшпес өнер мен мәңгілік жырдың иелері. Бұл көрме арқылы олардың рухани мұрасы жас ұрпаққа жетіп, мәңгілік елдің құндылығы ретінде ұлықталуда.

Жұпаргүл Бітібаева,

қызмет көрсету секторының кітапханашысы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу