«SMART Driving Technology» және Лу Бань шеберханасы: Шығыстағы жаңа технологиялық белес
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қазақстан мен Қытайдың инженерлік-технологиялық серіктестігі тарихындағы жаңа кезеңді айқындайтын маңызды оқиға өтті — «SMART Driving Technology» Инжиниринг орталығы ресми түрде ашылды. Бұл орталық тек университеттің ғана емес, жалпы Шығыс Қазақстан өңірінің, республиканың инженерлік білім беру және смарт-транспорттық технологиялар саласындағы шешуші қадамдарының бірі ретінде бағалануда. Орталықтың ашылуы 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан Қазақстан–Қытай серіктестігінің стратегиялық жалғасы іспетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2023 жылдың мамыр айында өткен Қытай–Орталық Азия Саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ШҚО мен Тяньцзинь округі, сондай-ақ ШҚТУ мен Тяньцзинь университеті арасында Лу Бань шеберханасын құру жөніндегі келісімдер жасалған болатын. Келісім нәтижесінде 2023 жылдың желтоқсанында Қазақстандағы алғашқы Лу Бань шеберханасы ашылып, 2024 жылы нысанды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келіп көрді. Енді сол шеберхана дамуының екінші кезеңі басталып, жаңа Инжиниринг орталығы іске қосылып отыр. Жаңа кешен болашақтың интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға, инженерлік кадрларды жаңа деңгейде даярлауға бағытталған.
Салтанатты рәсімге халықаралық және ұлттық деңгейдегі жоғары лауазымды тұлғалар қатысты. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің білім жөніндегі кеңесшісі Цзянь Чжунлянь, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Ұлықбек Тумашинов, Шығыс Қазақстан облыстық Мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков, Тяньцзинь кәсіби институтының өкілдері, Great Wall Motors және CATARC компанияларының делегациялары, Қазақстанның алдыңғы қатарлы университеттері мен өнеркәсіп ұйымдарының басшылары келді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн құттықтауында орталықтың стратегиялық маңызын, Шығыс Қазақстандағы инженерлік білім беру жүйесінің халықаралық беделінің деңгейін ерекше атап өтті.
Лу Бань шеберханасы— Қазақстандағы инженерлік білімнің жаңа моделі
Лу Бань жобасының жалпы құны 1,65 млн АҚШ долларын (12 млн юань) құрайды, оның ішінде бірінші кезеңге 1,1 млн доллар (8 млн юань), ал екінші кезеңге 0,55 млн доллар (4 млн юань) бағытталды. Бұл шеберхана шетелдік жоғары оқу орнының Қазақстандағы ресми өкілдігі мәртебесінде жұмыс істейді. Осы мәртебе студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім алуға, шетелдік инженерлік тәжірибені игеруге, ал университетке — ғылыми-инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Шеберхананың негізгі мақсаты — транспорт саласына бағытталған жаңа буын инженерлерін даярлау. Бұл жерде көлік индустриясына қажетті мамандарды электр және гибридті автомобильдердің жаңа технологияларын, интеллектуалды жүйелер мен көлік қауіпсіздігі мәселелерін, жасанды интеллект пен энергетикалық тиімділік қағидаттарын терең меңгерту арқылы әзірлеу басты міндет ретінде айқындалған. Сондай-ақ, шеберханада гибридтік және электрлік машиналардың күштік қондырғыларына қатысты жаңа компоненттерді сынау, автопилот жүйелерінің ерекшеліктерін зерттеу, көлік қозғалысын басқарудың инновациялық тәсілдерін дамыту және экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу бағытындағы ғылыми жұмыстар жүргізіледі.
Бүгінде шеберханада 453 студент, магистрант және ізденуші білім алып жатыр. Олардың қатарында Нигерия, Египет, Пәкістан, Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолиядан келген жастар бар. Шеберхана Қазақстандағы халықаралық инженерлік білім беру орталығы ретінде қалыптасу жолында. Білім беру бағытында университет жаңа оқу бағдарламаларын ұсынып отыр. Соның ішінде «Көлік құрастырудағы смарт технологиялар және жасанды интеллект» атты инновациялық бағдарлама ерекше сұранысқа ие. Бұл бағдарлама студенттерге цифрлық инженерия, смарт-жүйелердің архитектурасы, автоматтандырылған көлік технологиялары бойынша терең білім алуға жағдай жасайды.
Шеберханада студенттердің тәжірибелік дайындығы төрт ірі зертхана негізінде іске асырылады. Мұнда бензин қозғалтқышы бар көліктерге техникалық қызмет көрсету мен диагностика жасау, дәстүрлі көлік жүйелерін симуляциялық сынау, электр және гибридті автомобильдерді диагностикалау, сондай-ақ көліктердегі SMART-технологияларды зерттеу бағыттарында оқу және зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Дуальды білім беру жүйесі де іске асырылған: студенттер Қостанай облысындағы Allur зауытында тәжірибеден өтеді. Сонымен қатар Astana Motors Manufacturing Kazakhstan компаниясының қызметкерлері, колледж оқытушылары мен инженерлері үшін арнаулы тағылымдама ұйымдастырылған.
Соңғы екі жылда ШҚТУ-дың 15 оқытушысы мен инженерлері Тяньцзинь кәсіби институтында интеллектуалды көлік жүйелері, электромобильдерге техникалық қызмет көрсету, смарт-технологиялар саласы бойынша тағылымдамадан өтті. 2024 жылдың қарашасында ШҚТУ дүниежүзілік WTL лигасының толыққанды мүшелігіне қабылдануы — университеттің халықаралық деңгейдегі беделін нақты көрсетті.
«SMART Driving Technology» орталығы — болашақтың ғылыми-инженерлік алаңы
Жобаның екінші кезеңі — «SMART Driving Technology» Инжиниринг орталығы— Қазақстандағы интеллектуалды көлік жүйелеріне бағытталған ғылыми-зерттеу, білім беру және өндірістік интеграция орталығы ретінде құрылды. Бұл орталықтың ғылыми қызметі автопилот жүйелері үшін жаңа алгоритмдерді әзірлеу, сенсорлық жүйелер мен телематика саласын зерттеу, көлік қауіпсіздігін арттыруға арналған жаңа әдістерді сынау, сондай-ақ жасанды интеллект пен машиналық оқытуды транспорттық салада кеңінен қолдану бағыттарын қамтиды.
Білім беру миссиясы да ерекше кең. Бұл орталықта студенттер, магистранттар және докторанттар транспорттық техника, смарт-технологиялар, автономды жүйелер, компьютерлік көру, трансмиссияны интеллектуалды басқару, ADAS технологиялары, көлік қауіпсіздігіндегі жасанды интеллект сияқты пәндерді оқып, нақты құзыреттер қалыптастырады. Студенттерге қоршаған ортаны тану жүйелерін меңгеру, навигациялық аппараттар арқылы көліктің орналасуын анықтау, жасанды интеллект көмегімен оңтайлы маршрут құру, электромобиль қозғалысын басқару дағдыларын игеру міндеттеледі.
Орталық инженерлерге, кәсіпорын мамандарына, стартаптарға арналған тренингтерді, семинарлар мен вебинарларды, халықаралық конференциялар мен бірлескен зерттеу жобаларын үздіксіз өткізіп отырады. Осылайша орталық бір мезгілде зерттеу, оқыту және инновациялық шешімдерді өндіріске енгізу міндетін қатар атқарады.
Жаңа орталықтың инфрақұрылымы — оның ең үлкен артықшылықтарының бірі. Мұнда соңғы буындағы гибридтік автомобильдер, интеллектуалды жүйелермен жабдықталған электрлі көліктер, мультисенсорлық автопилот платформалары, жасанды интеллектпен интеграцияланған AR және VR симуляциялық кешендер бар. Цифрлық егіздер технологиясына негізделген симуляциялық жүйелер автономды жүргізудің күрделі сценарийлерін қауіпсіз виртуалды ортада сынауға мүмкіндік береді.
Орталықтың қызметі инженерлерге, кәсіпорындардың техникалық мамандарына, білім беру ұйымдарына, көлік инфрақұрылымын жаңғыртумен айналысатын мекемелерге, сондай-ақ интеллектуалды жүйелер саласындағы стартаптар мен зерттеу топтарына бағытталған.
Профессорлық-оқытушылық құрамның тәжірибесі де ерекше рөл атқарады. 2025 жылдың қыркүйегінде ШҚТУ оқытушыларының бір тобы Тяньцзинь кәсіби институтында тағылымдамадан өтіп, жаңа инженерлік технологиялармен, цифрлық жүйелермен және смарт-автомобиль платформаларымен жұмыс істеу тәжірибесін арттырды. Олар Қытайдың инженерлік білім беру әдістемесін зерттеп, ғылыми зерттеулерді оқу процесімен интеграциялау жолдарын меңгеріп келді.
«SMART Driving Technology» Инжиниринг орталығы— Қазақстанның интеллектуалды көлік жүйелеріне көшуіндегі шешуші қадам. Бұл орталық еліміздің ғылымы мен өнеркәсібін біріктіретін, транспорттық инженерияда жаңа буын мамандарын даярлайтын, халықаралық ғылыми-технологиялық хабқа айналатын маңызды білім және өндірістік алаң. Оның ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі болып табылады.
Осы жобаның арқасында Шығыс Қазақстан өңірі инженерлік инновациялар орталығына айналып, Қазақстан транспорттық индустриядағы жаңа технологиялық дәуірге қадам басты.
Айдос Мырзахметов
Фото/видео: Евгений Щетников








