KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
514.74 599.36 6.71

ШҚО әкімі: «Биыл Күршім ауданында 40 шақырымнан астам жол жөнделеді»

15.08.2025, 11:00 291 Айдос Мырзахметов

Күршім ауданындағы халықпен кездесуде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Биыл ауданда 742 млн теңгеге 41 шақырымнан астам жол мен көше жөнделіп, бірқатар маңызды магистральдар мен айналма жол құрылысы жалғасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы Катонқарағай және Зайсан аудандарында заманауи әуежайлар салынуда, бұл туристерді тартуға қосымша серпін береді. Сондай-ақ жолдарды жөндеу жұмысы да жалғасуда. Биыл Күршім ауданында 742 млн теңгеге 41 шақырымнан астам жол мен көшелерді жөндеу жоспарланған, – деді облыс әкімі.

Өткен жылы «Жол жылы» шеңберінде республикалық және жергілікті маңызы бар 710 шақырым жол жөнделсе, биыл кемінде 700 шақырым жолды жөндеу көзделген. Бұл қатарда Қалбатау – Майқапшағай жолын жаңғырту мен «Осинов асуы» арқылы Рахман қайнарына дейінгі жолды жөндеу, сондай-ақ «Майқапшағай» өткізу пунктін жаңарту жұмыстары бар.

Күршім ауданында өткен жылы 2 млрд теңгеге 47 шақырым жол мен көше жөнделді. Оның ішінде облыстық маңызы бар Күршім-Қалжыр – Бурабай жолының 12-27 шақырымы (794,3 млн теңгеге 15 км), аудандық маңызы бар Күршім-Қалжыр – Ақши жолының 8 шақырымы (120 млн теңге), Маралды – Үшбұлақ жолының 2 шақырымы (36,9 млн теңге), Күршім – Алғабас жолының 2 шақырымы (72,6 млн теңге) жөнделді.

1 млрд теңгеге Бірлік, Бурабай, Ақши, Қаратоғай, Үшбұлақ, Алғабас, Құйған, Күршім ауылдарындағы 20 км көше мен көпірлер қалпына келтірілді.
Осы жылы ауданда жөнделетін нысандар тізімінде Күршім-Қалжыр – Бурабай автожолы (12-27 км, 100 млн теңге), Күршім-Қалжыр – Ақсуат жолы (37-47 км, 200 млн теңге), Күршім – Алғабас жолы (0-3 км – 3 км, 110,1 млн теңге) бар. Алғабас ауылындағы 1 км көше (52,8 млн теңге), Күршім ауылындағы 6,2 км көше (279 млн теңге) жөнделуде.

Сонымен қатар Күршім ауылында айналма жол салу мәселесі ерекше бақылауда тұр. Жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге, биыл республикалық бюджеттен 900 млн теңге бөлінді. Мердігер «Терезе» ЖШС қазіргі уақытта 12 шақырымның 6 шақырымына жол негізін қалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Облыс әкімі Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбековке 1 қыркүйекке дейін жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, айналма жол құрылысына қосымша қаржы бөлу мәселесін пысықтауды айтты.

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу