Қазақстандық білім беру жобасы әлемдегі үздік инновациялық тәжірибелер тізіміне енді
Қазақстанның ауыл мектептерін дамыту тәжірибесі HundrED Global Collection 2026 халықаралық рейтингінің негізгі тізіміне енді. Бұл тізімге әлем бойынша іске асыруға ұсынылған 100 үздік білім беру инновациясы енгізілген. Іріктеуді Финляндиядағы HundrED үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырған. Биылғы байқауға 800-ден астам өтінім қабылданған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, елімізде орта білім беру ұйымдарында білім сапасын арттыру, барлық бала үшін тең және қолжетімді білім беру ортасын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсатта 2023-2024 оқу жылдарында Ақтөбе облысында Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен «Шағын жинақты мектептердің әлеуетін цифрлық технологияларды пайдалана отырып дамыту» пилоттық жобасы іске қосылған. Жобаны Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры жүзеге асырды.
Пилоттық жобаға өңірдің 134 шағын жинақты мектебі мен 12 тірек мектебі қатысып, барлығы 10 395 оқушы қамтылды. Сонымен қатар 1000-нан астам мұғалімнің қатысуымен шағын жинақты мектеп оқушылары үшін 12 мың онлайн сабақ өткізілді.
Жобаны қаржыландыруға Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры атсалысты. Атап айтқанда, «Қазақстан халқына» қоры арқылы шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,063 млрд теңге, ал облыс әкімдігі арқылы кабинеттерді жөндеу, жоғары жылдамдықтағы интернет орнату және мұғалімдерге ынталандыру төлемдерін төлеуге шамамен 2 млрд теңге бөлінді.
Айта кетейік, өңірлерге жұмыс сапарлары барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептерге арнайы барып, оқу процесінің ұйымдастырылуына, техникалық жабдықталуына және педагог кадрлармен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударып келеді.
HundrED халықаралық тізіміне қазақстандық жобаның енуі – еліміздің білім саласында цифрлық шешімдер арқылы ауыл мектептерін дамыту тәжірибесінің тиімділігі мен өзектілігін мойындаудың айқын дәлелі.