KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями Штиль
504.6 594.27 6.48

Өскемен титан-магний комбинаты 60 жылдығын атап өтті

20.06.2025, 20:20 406 Әбішев Ержан

Қазақстандағы ірі өндіріс орындарының бірі – Өскемен титан-магний комбинаты 60 жылдығын атап өтті. Салтанатты шара барысында кәсіпорын ұжымын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев құттықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Сіздерді Өскемен титан-магний комбинатының 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздің өндіріс саласындағы елеулі белес. Комбинат осы жылдар ішінде халықаралық деңгейдегі алпауыт кәсіпорынға айналды. Қазір комбинат әлемдік титан өндірісінің 20 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр. Бұл металл авиация мен ғарыш саласында аса қажет. Серіктестері қатарында "Airbus", "Boeing" секілді алпауыт компаниялар бар, – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Президент комбинат жетістігінің артында өз ісіне адал, білікті мамандар мен жұмысшылардың маңдай тері тұрғанын ерекше атап өтті.

Жиын барысында Ермек Көшербаев та кәсіпорын ұжымына жылы лебізін білдіріп, комбинаттың еліміз экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Мерекелік шара «ӨТМК» АҚ-ның мәдениет үйінде өтті. Комбинаттың үздік қызметкерлері түрлі марапаттарға ие болды.

– Құрметті Өскемен титан-магний комбинатының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді кәсіпорынның 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Өскемен титан-магний комбинаты – отандық металлургия саласының мақтанышы, еліміздің стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарының бірі. Жоғары кәсіби шеберлік пен жүйелі жаңғыртудың арқасында комбинат әлемдік металлургияда жетекші орынға ие болып отыр, – деді жиында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев.

Ол сондай-ақ мерейтой қарсаңында комбинаттың Үндістанда жаңа өндірісін іске қосқанын атап өтті. Бұл оқиға Қазақстанда әзірленген технологиялардың жоғары сапасын, еліміздің экономикасының бәсекеге қабілеттілігін және халықаралық әріптестікке ашықтығын дәлелдейді.

Мемлекет басшысының атынан «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамутова I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

– 60 жыл ішінде Өскемен ТМК Қазақстандағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналды. Ол тұрақтылықты, заманауи жағдайларға бейімделе білуді көрсете білді, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. – Комбинат – облыс экономикасының тірегі, өңірдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі әрі қала құраушы кәсіпорын. 

Мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, инфрақұрылымның дамуына үлес қосып отыр.

Облыс әкімі комбинат жетістігінің басты сыры – онда еңбек ететін кәсіби мамандардың еңбегі екенін баса айтты.

– Мерейтойлық жылы комбинат ұжымына табыс, кәсіби өсім, стратегиялық жобалардың сәтті жүзеге асуын және ел мен сала игілігі жолындағы қажырлы еңбектеріңізге ризашылық тілеймін, – деді ол.

Салтанатты бөлім соңында сахнаға кәсіпорынның шетелдік серіктестері көтеріліп, комбинат ұжымын мерейтоймен құттықтап, алғыстарын білдірді.

Елизавета Седых

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу