KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 1 м/с, С
494.87 520.65 4.91

Абай еліне Қызылордадан рухани танымдық экспедиция келді

16.07.2019, 06:06 356

Абай ауданындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Ұлылар мұрасына тағзым» рухани-танымдық экспедициясының қорытындылау рәсімі өтті. Бұл шара Ұлы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Аталмыш экспедицияға Қызылорда облысының қалалары мен аудандарындағы мектеп мұғалімдері мен оқушыларынан құралған 25 адамнан тұратын топ қатысты. Олар Абай, Шәкәрім, Мұхтардай даралар туған мекенге келіп, ұлылар рухына тағзым етті.

Экспедиция мүшелері Семейдегі «Бейбітшілік» аралы, «Алаш арыстары - Мұхтар Әуезов» музейі, облыстық тарихи өлкетану музейі сияқты қаланың көрнекті жерлерімен танысып, Күшікбай бұлағы, Ғазиза бейіті, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтың музей-үйі, Хакім Абайдың туған жері «Сырт-Қасқабұлақ», Ералы жазығындағы «Еңлік-Кебек» кесенесі, Жидебай жеріндегі Абайдың музей-үйі, «Абай-Шәкәрім» мавзолей-кешені, Кеңгірбай би кесенесі, «Қоңыр әулие» үңгірі сынды халқымыздың тарихы мен тағдыры жолындағы үлкен маңызға ие тарихи мекендер мен рухани орындарды аралады.

«Ұлылар мұрасына тағзым» рухани-танымдық экспедициясына арналған шара барысында мұғалімдер мен мектеп оқушылары алған әсерлерімен бөлісіп, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармаларынан үзінділер оқыды.

Семей ақпараттық орталығының мәліметінше шара соңында Абай мұрасын насихаттауға үлес қосқан экспедиция мүшелеріне Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір өз ұжымы атынан және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ұжымы алғыс хаттар мен сертификаттарын табыстады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу