AiSana жобасы ШҚО жоғары оқу орындарында
Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Шығыстағы AI Center Amanzholov University орталығына барып, жасанды зерде негізінде әзірленген студенттік жобалармен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Сапар барысында ол студенттермен сұхбаттасып, университеттің алғашқы подкастының құрметті қонағы болды. Сондай-ақ, өңір экономикасында ғылымның рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде Шығыс Қазақстанда ғылыми бастамалар оқу корпустарынан тыс ауқымды бағытқа айналып келеді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде вице-министрге цифрлық, білім беру және инновациялық бағыттағы маңызды жобалар таныстырылды. Сапардың негізгі нүктесі – AI Center Amanzholov University болды. Мұнда ұлттық AiSana жобасы жүзеге асып, жасанды зерде негізіндегі студенттік стартаптар дамытылуда.
Гүлзат Көбенова университеттің заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу тәсілдерін, инженерлік және ғылыми бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстарын, сондай-ақ цифрлық экожүйе қалыптастыру ісін жіті бақылап көрді. Студенттердің қолданбалы сервистерден бастап коммерцияландыруға бағытталған жобаларына дейін бірқатар бастамалары қызығушылық тудырды.
Кездесу барысында вице-министр студенттердің сұрақтарына жауап беріп, ғылымдағы толық циклді – идеядан бастап өндіріске енгізуге дейінгі жолды қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, ғылыми жобаларды жоспарлау, жүзеге асыру, коммерцияландыру және өндірістік ортаға жеткізу – бүгінгі университеттік ғылымның қарқынды дамуының нақты көрінісі. Бұл өңір мен ел экономикасының өсуіне елеулі үлес қосады.
– Университеттің міндеті – кадр даярлау. Бірақ ол дайындық ғылыми зерттеулердің нәтижесіне негізделуі қажет. Сондықтан ЖОО-ның негізгі бағыты – университеттік ғылымды дамыту, зерттеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ оның нәтижелерін білім беру үдерісіне енгізіп, өндіріс деңгейіне жеткізу. Аманжолов университетінің мысалында біз зерттеу нәтижелерінің білім беру ісіне қалай ендіріліп жатқанын көріп отырмыз, – деді Гүлзат Көбенова.
Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары елімізде университеттердің ғылыми зерттеулері арқылы бюджетке түсетін кіріс көлемі оң динамика көрсетуде.
Шығыс Қазақстан үшін цифрландыру мен инновация саласын күшейту стратегиялық өсім нүктесіне айналып келеді. Өңір IT-инфрақұрылымды кеңейтіп, студенттік бастамаларды қолдап, оқу процесіне жасанды зерде элементтерін жоспарлы түрде енгізуде.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Бейнематериал: Евгений Щетников






