Отандық ғалымдар бие мен түйе сүтін өңдеуге арналған қондырғы жасап шығарды
Қазақстандық инженерлер мен ғалымдар тағам өндірісі саласында тың серпіліс жасады. Академик У.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтында алғаш рет FD-4.1 вакуум-сублимациялық кептіру кешенінің тәжірибелік үлгісі таныстырылды. Бұл құрылғы – бие мен түйе сүтін терең өңдеуге арналған инновациялық технологияның жемісі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
FD-4.1 кешені BR21881957 «Бие және түйе сүтін терең өңдеудің технологиясы мен вакуум-сублимациялық кептіру жабдығын әзірлеу» атты ғылыми жоба аясында әзірленді. Жоба авторларының айтуынша, жаңа қондырғы табиғи сүттің барлық пайдалы қасиеттерін сақтай отырып, оны ұзақ мерзімге жарамды ұнтақ түрінде сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы маңызды қадам саналады.
Тәжірибелік үлгіні жасауға Механика және машинатану институтының ғалымдары, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті, сондай-ақ «Қазақ-неміс ғылыми-зерттеу институты Qymyz» ЖШС мамандары бірлесіп атсалысты. Ғылыми ұжымның үйлесімді еңбегі нәтижесінде әзірленген құрылғы отандық машина жасау мен тағам инженериясының жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды.
FD-4.1 қондырғысының ерекшелігі – ол сүтті төмен температурада кептіріп, биологиялық құндылығын жоғалтпай сақтай алуы. Мұндай әдіс дәстүрлі кептіру тәсілдеріне қарағанда экологиялық әрі экономикалық тұрғыдан тиімді.
Іс-шара барысында жобаның маңыздылығына ерекше тоқталған ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті, академик А.К.Түлешов былай деді:
Сондай-ақ академик жоба ғылым, білім және өндіріс арасындағы тиімді синергияның үлгісі екенін атап өтіп, мұндай ынтымақтастық алдағы уақытта өзге салаларға да серпін беретінін айтты.
Таныстырылымға Қазақстандағы тамақ өнеркәсібі жабдықтарын шығаратын «PROSNAB Service» ЖШС, «Агроинженерияның ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және басқа да өндірістік ұйымдардың өкілдері қатысып, жаңа технологияны тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерімен танысты.
Институт директоры Заир Уәлиев пен университет ректоры Дархан Ақпанбетов өз сөздерінде бұл қондырғының агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және өнім сапасын арттыру бағытындағы маңызды жетістік екенін айтты.
FD-4.1 қондырғысын жасау бастамасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылды. Бұл — елдегі қолданбалы ғылымды қолдау және инженерлік инновацияны дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.
Осылайша, қазақстандық инженерлер мен ғалымдар әзірлеген жаңа сублимациялық қондырғы отандық сүт өңдеу саласында үлкен бетбұрыс жасамақ. Алдағы уақытта бұл технология өндірістік көлемде енгізілсе, Қазақстанның табиғи өнімдер нарығындағы экспорттық әлеуеті едәуір арта түспек.