Қазақстанда Жылқы шаруашылығы институты құрылды
Фото: primeminister.kz
Қазақстанда жылқы шаруашылығы саласын дамыту мақсатында жаңа ғылыми мекеме – «Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құрылды.
Жаңа институттың негізгі міндеті – жылқы тұқымдарын асылдандыру, қазақ жылқысын халықаралық деңгейге көтеру және сыртқы нарыққа шығару бағытындағы ғылыми зерттеулер жүргізу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР АШМ сілтеме жасап.
Институт Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы базасында құрылып, оның негізін қалаушы – Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, институтты құру бастамасы 15 қарашада Астанада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Қазақстан президентінің тапсырмасымен іске асқан.
Жаңа институт алдағы бес жыл ішінде асыл тұқымды жылқылар санын 6-7%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Негізгі басымдықтар:
Қостанай және Адай секілді жергілікті тұқымдарды көбейту;
Өнімділігі жоғары Мұғалжар мен Көшім генотиптерін селекциялық жолмен жетілдіру.
Инфрақұрылым және ғылыми зерттеулер
Жылқы шаруашылығы саласын дамыту үшін келесі жобалар қолға алынбақ:
Жылқының әртүрлі генетикалық топтары туралы мәліметтер сақталатын ақпараттық деректер банкін құру;
Тұқым және эмбрион банкін жасау;
Иммундық генетика зертханасын ашу және биелерді қолдан ұрықтандыру пунктін ұйымдастыру;
Жылқы шаруашылығына арналған мамандарды арнайы даярлау.
Сонымен қатар, мамандандырылған жылқы ветеринарлық клиникасын құру жоспарлануда. Бұл ветеринариялық қызмет көрсету сапасын арттырып, жылқылардың денсаулығы мен күтімін жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда жылқы шаруашылығы – ұлттық мәдениет пен экономиканың маңызды саласы. Жаңа институттың құрылуы арқылы отандық тұқымдардың сапасын жақсартып, жылқы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру көзделген.
Бұл бастама Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.