«Тоз-тозы шықты, балалар жарақат алып қайтады». Жас спортшы Жақсылық Омардан футбол алаңын жөндеп беруін сұрады
Қала әкімінің азаматтарды қабылдауында Өскемен тұрғыны Серік Әбілхан Новаторов көшесіндегі тоз-тозы шыққан футбол алаңының мәселесін ортаға салғаннан кейін, әкім Жақсылық Омар қараусыз қалған алаңға арнайы барып қайтты.
Аталмыш футбол алаңы соңғы рет 2008 жылы жөндеуден өткен екен. 14 жылда бетіндегі жасыл жабынды толығымен тозған. Сол маңдағы үй тұрғындары өз күштерімен қоршауды жөндегенімен, қисайып, сынып жатыр. Балалар бұл футбол алаңы қашан жөнделеді екен деп ұзақ күтті.
Аумақ қараусыз қалған. Үйі жоқ, ішімдікке салынған адамдар да осы маңда жүреді. Тұрғындардың айтуынша, полиция да мүлде қарамайды.
Ал мұнда қаланың түкпір-түкпірінен аула командалары жиналып, шағын футболдан балалар чемпионаттары өтіп тұрады.
- Газонның тоз-тозы шықты. Спортпен айналысуға келген балалар жарақат алып қайтады. Оның үстіне үстіндегі темір торлар да сетінеп, тот басып кеткен. Тіпті, тот басқан темір ауру тудырып жатыр. Батыр есімді досым осы темірден жұққан «коррозия» ауруымен 1,5 жылдай уақыт ауырып жатыр, - дейді 2012 жылдан бері аталмыш футбол алаңында ойнап жүрген аула тұрғыны, жас спортшы Жанасыл Иманбаев.
Қала әкімі аумақты өз көзімен көргеннен кейін, ауқымды жөндеуді бастау туралы шешім қабылданды. Дегенмен алаң спорт бөлімінің балансына беріліп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленгеннен кейін жөндеу жұмыстары басталады.
- Жөндеп, қажетті қаржыны бөлеміз. Шамамен, бір жарым айдан кейін барлық мәселелер шешілуі тиіс. Бірақ ол уақытқа дейін алаң жабық тұруы мүмкін. Дегенмен осы жаздың өзінде жас спортшылардың жаңа алаңда ойнауға мүмкіндік алады. Одан бөлек, футбол алаңынан сыртында стрит воркаут спорт алаңы жасаймыз, - деді қала әкімі.