KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО әкімі: Экологиялық нормаларды бұзушылар жауапқа тартылады

25.11.2024, 16:00 221 Төлеуғазы Жансая

Облыс басшысы көк түтінге жауапты болуы ықтимал деген кәсіпорындар мен қазандықтар түгел тексерілуін тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазан мен қараша айлары осы маусымда желсіз, тымық болып тұрғандықтан географиялық орналасуы сайдың ішіндегідей Өскемен қаласы соңғы күндері көк түтінге орануы бойынша тұрғындар әлеуметтік желіде талқыға салды. Аймақ басшысы тұрғындар пікіріне құлақ асып, құзырлы да жауапты басшымен арнайы кездесті. Экология департаментінің басшысы Азамат Тауырбеков тиісті аудандарда жоспардан тыс тексеру мен ауаны өлшеулердің көрсеткішін баяндады. Гагарин бульвары, 9 мекенжайы маңында жүргізілген өлшеулер шекті рұқсат етілген концентрациядан асып түскенін көрсеткен. Ал басқа ластаушы заттар бойынша шектен асу тіркелмеген.

Бұдан басқа, «Қазгидромет» РМК филиалының №1 және №6 бақылау бекеттерінде, сәйкесінше Рабочая және Назарбаев көшелері бойында, атмосфералық ауа мониторингінің нәтижелеріне сәйкес 20 қарашада шекті концентрациядан артуы тіркеліп отыр.

- Мен қала тұрғындарының алаңдаушылығын бөлісемін. Атмосфераны ластайтын кәсіпорындар мен қазандықтарды тексертуді тапсырдым. Қара түтіннің пайда болуына не себеп екенін егжей-тегжейлі тексереміз және кінәлілер қолданыстағы заңнама шеңберінде жауап береді, - деді облыс әкімі Ермек Көшербаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбада. 

Айта кету керек, географиялық орналасуы тұрғысынан Өскемен қазаншұңқыр іспеттес жерде тұр. Ағымдағы айда желсіз, тымық күндердің ұзақ тұруы экологиялық ахуалға кері әсер еткені тағы бар. Аймақ басшысы назар аудартқандай, от жағатын жер үйлер орналасқан жеке сектор да атмосфераға айтарлықтай салмақ түсіруде. 
Қала тұрғындарының өтінішінен кейін экология департаменті атмосфераға шығарылатын қалдықтар бойынша кәсіпорындарды тексеруді жоспардан тыс қолға алды. Қазіргі уақытта 2 дәрежелі қолайсыз метеожағдайға байланысты ШҚО бойынша Экология департаментінің мамандары арнайы аспаптармен өлшеуге жедел түрде шықты.

Қаланың солтүстік бағытындағы өнеркәсіптік торап бойымен жасалған 3 тексеру бойынша зиянды заттардың шекті концентрациядан асуы байқалмаған.

ШҚО Экология департаментінің баспасөз-қызметінің хабарлауынша, мекеменің сынақ зертханасының маманы мен бас экологиялық инспектор өнеркәсіптік өңірдің ірі кәсіпорындарындағы тексеріс жұмыстарын бүгін бастап кетті. Басты міндет - ластаушы заттардың атмосферадағы үлесін анықтау. Тексеру не көрсеткендігі қосымша хабарланбақ.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында экологиялық жағдайды бақылауды күшейту мақсатында қазір істеп тұрған 10 бекетке қосымша жаңа бекеттер орнату қаржыландырылмақ. Бақылау күшейтілсе ғана жағдайды уыста ұстап отыру мүмкін дейді мамандар. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері өз кезегінде экологиялық жағдай бойынша алаңдаушылық болса бірден хабарлауға шақыруда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу