Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция: «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі»
Шығыс Қазақстан облысында «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл конференция – түбі бір түркі руханиятына жаңа ғылыми интерпретациялық көзқарас қалыптастыруға, ортақ мәдени кодты зерделеуге бағытталған маңызды академиялық алаң болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өр Алтайдың тарихи-мәдени маңызына тоқталып, жиынның тек аймақ емес, күллі түркі әлемі үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.
Конференция аясында пленарлық отырыс пен алты ғылыми секция жұмыс істеп, онда отандық және шетелдік танымал ғалымдар баяндамалар жасады. Алтайдың археологиялық, мәдени, тарихи және философиялық мұраларына тың серпін беретін тұжырымдар мен ғылыми пайымдауларын ұсынды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, археолог, профессор Зейнолла Самашев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Задаш Дүкенбаева, Генуя университетінің (Италия) зерттеушісі Диана Спульбер, Мугла университетінің (Түркия) профессоры Мехмет Өзтүрік сынды беделді ғалымдар Алтай өңірінің түркі өркениетіндегі орны туралы мазмұнды баяндамаларын ұсынды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Задаш Дүкенбаева «Алтай және Ұлы Дала өркениеті: түркі этномәдени дамуының негіздері» атты ғылыми тұжырымдарға толы баяндама жасады. Ғалым Алтайды тек тарихи аймақ ретінде емес, мәдени-өркениеттік кеңістік ретінде жан-жақты қарастыру қажеттігін алға тартты.
Профессор Зейнолла Самашев «Қазақ Алтайының көне тарихының контурлары» атты баяндамасында Алтай өңірінің түркі әлемінің рухани және өркениеттік бастау көзі ретіндегі маңызын терең талдап, оны түркі мәдениетінің алтын бесігі екенін нақты археологиялық және тарихи деректер арқылы негіздеді.
Конференцияда таныстырылған еңбектер қазіргі таңда Алтай тақырыбына кешенді, жан-жақты көзқарас қажеттігін көрсетті. Бұл ретте студенттердің археологиялық тәжірибесі, университеттердегі ғылыми бағыттар мен халықаралық ынтымақтастық өзара тығыз байланысты.
Конференция аясында «Ұлы дала алтыны» және «Тамыры терең Алтай – түркі жұртының негізі» атты екі үлкен көрме ұйымдастырылды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Тарих» мамандығының студенттері археологиялық тәжірибелерін жыл сайын профессор Зейнолла Самашев жетекшілігімен Ақбауыр, Бестерек сияқты тарихи орындарда өткізеді. Олар үшін қазба жұмыстары тек тәжірибе емес, ғылыми ізденістер алаңы саналады. Іс-тәжірибе барысында табылған көне жәдігерлердің бірқатарын университет мұражайына профессор Зейнолла Самашев арнайы тарту етті.
Конференция – түркология, археология, этнология және мәдениеттану саласындағы ізденістерге серпін беріп, түркі халықтарының тарихи сабақтастығын тереңнен тануға жол ашқан тағылымды бастама болды. Алтай төрінде өткен бұл маңызды форум – ғылыми қауымдастықты бір арнаға тоғыстырған, рухани тұтастықты дәріптеуге бағытталды.
Жайна Сыранова
фото/видео: Жалғас Сақадиев







