KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
519.61 610.13 6.54

Шығысқазақстандық Жақыповтар жанұясы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында үздіктер қатарына кірді

23.10.2025, 09:30 585 Ержан Әбіш

Астанада Республика күніне орай өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өз мәресіне жетті. Бұл іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген өңірлік кезеңдер жеңімпаздары қатысты. Байқаудың қатысушылары – көпбалалы, еңбекқор және шығармашылық қабілетімен ерекшеленетін отбасылар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Рәсімге Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті депутаттары, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазақстандық отбасыларға қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол азаматтардың әлеуметтік жағдайының жақсарғанын, ана мен баланы қорғауға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Президентіміздің биылғы Жолдауында азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған маңызды міндеттер белгіленді. Бұл әр отбасының өміріне оң ықпал етіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды мақсат етеді. Сонымен қатар соңғы жылдары салада кешенді бастамалар табысты қолға алынды. Мысалы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Жас буынның сапалы білім алуын қамтамасыз ету мақсатында «Келешек мектептері» жобалары жүзеге асырылуда. Білім беру процесіне цифрлық технологияны енгізу бойынша іргелі жұмыстар жүргізілуде. Ана мен бала денсаулығын сақтау, олардың құқығын қорғау басты назарда. Сондай-ақ балалы отбасыларға қолдау шаралары кеңейіп, сәби күтімі үшін өтемақы төлеу мерзімі ұзартылды», – деді Мәулен Әшімбаев.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері елімізде отбасы институтын нығайту, рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.

Биыл байқау он екінші рет өткізілді. Барлық өңірден түскен 3434 өтінім сарапталып, әр өңір бойынша бір жеңімпаз анықталды. Жиын барысында барлығы 20 отбасы марапатталды, оларға естелік мүсіншелер, дипломдар және 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.

«Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпаздары қатарында шығысқазақстандық Жақыповтар отбасы да бар.

Бұл байқау арқылы мемлекет қазақстандық отбасыларға көрсететін қолдауын арттырып, отбасы институтын нығайтудағы маңызды шараларды жариялай отырып, әр отбасының қоғамдағы рөлін дәріптейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу