Бұрын органда істегендер. Алтынмен айналысқан қылмыстық топ - Семей
Кеше Семейде алтын рудасын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтау операциясы жүргізіліп жатқаны жөнінде ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есті. Алайда ІІМ мен Полиция департаменті ресми ақпарат беруге әлі дайын емес екендіктерін жеткізген.
Бүгін ҚР ҰҚК Баспасөз қызметі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша ірі ауқымды арнайы операция жүргізілгенін ресми түрде хабарлады.
- 10 наурызда Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Семей қалаларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу бойынша ірі ауқымды арнайы операция жүргізді, - деп хабарлайды ҚР ҰҚК Баспасөз қызметі.
Ұсталған топтың 16 қатысушысына адам ұрлау, бопсалау, кісі өлтіруге оқталу, Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың бірінен құрамында алтыны бар шикізатты ұрлау және оның ҚР шегінен тыс контрабандасы, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топ құру және оған басшылық жасау айыптары тағылып отыр.
Бейресми ақпаратқа сүйенсек, Семейдегі қылмыстық топ «Алел» қаржы инвестициялық компаниясына қарасты кен орнынан түсті металл рудасын заңсыз ұрлап жүрген. Олар ай сайын шамамен 400 млн теңгеге бағаланатын кенді қолды қылған.
- Қылмыстық топтың құрамына құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы қызметкерлері кірген. Ұстау барысында қаскүнемдерден олардың жасаған қылмыстарын растайтын ірі сомадағы ақшалай қаражат, материалдық құндылықтар, байланыс құралдары және өзге де заттар табылып, тәркіленді. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда, - дейді ведомство.