ШҚО-да арнайы операция: 65 млн теңгенің есірткісі тәркіленді
Шығыс Қазақстанда полиция қызметкерлері 65 миллион теңгенің есірткісін тәркіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өңірдің тәртіп сақшылары ҚР Ұлттық ұланының арнайы бөлімшелерін тарта отырып, елдің шығысына есірткі жеткізуге қатысы бар адамдардың қылмыстық әрекеттерінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді. Нәтижесінде 3,5 мың бір реттік дозаға тең салмағы 1 келі жуық синтетикалық есірткінің аса ірі партиясын Өскемен қаласына әкелмек болған 35 жастағы алматылық ұсталды.
Ұстау барысында автокөлікте онымен бірге жұбайы да отырған. Қаскөй күдікке ілінбес үшін әйелін әдейі жолға алғаны мәлім болды. Біраз уақыттан соң қылмыстық топтың екінші қатысушысы да қолға түсті. Ұсталған 29 жастағы ер адамнан 2 мың дозаға тең 600 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген. Есірткі арнасын жою бойынша арнайы операция Өскеменге арнайы келген Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғынын ұстаумен аяқталды. Тінту барысында одан құрамында 0,5 келіден аса альфа-PVP психотроптық сұйықтығы бар 5 пластикалық ыдыс тәркіленген.
"Қабылданған шаралар нәтижесінде, облыс орталығында шамамен мөлшері 8 мың бір реттік есірткі дозасын жеткізудің арнасы жойылды, оның "қара нарықтағы" құны шамамен 65 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта күдіктілердің үшеуі де қамауға алынды. Олардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сараланады, оның санкциясында 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген", - деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.