Өскеменді әлеуеті мықты орталыққа айналдыруымыз керек – қала әкімі
Биыл облыс орталығындағы сол жағалауда құрылыс жұмыстары тіптен қыза түспек.
Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазір 25, 27, 24-ші үш бірдей жаңа ауданға құрылыс жүргізу үшін арнайы желілерді тартылып жатқан көрінеді.
– Ендігі мақсатымыз – Өскеменімізді бүкіл Ертіс бойындағы ең мықты өндірістік және мәдениет пен туризм шоғырланған әлеуеті мықты орталыққа айналдыруымыз керек. Былайша айтқанда, Алтай мен Арқаның арасындағы турист ағылып, қаржы құйылып жататын топ шаһар. Оған Өскеменнің шамасы да, мүмкіндігі де жетеді. Қазір біртіндеп ойдағыны іске асыру жұмыстарын бастап та кеттік, – деді шаhар басшысы.
Сондай-ақ қала әкімі Өскеменнің өнеркәсіптік күш-қуаты оң жағалауда болса, болашағы сол жағалауында екенін, сондықтан биыл сол жағалауда құрылыс тіптен қыза түсетінін атап өтті.
– “Нұрлы жол”, “Спорт” сияқты шағын аудандарға қарасаңыз, қала болашағының сұлбасы қазірден-ақ байқалады. Жуықта ескі ипподромға салынатын тұрғын үй кешендерінің жобасын көресіздер. Біз мүлдем жаңа қаланың бет-бейнесін, яғни жоспарын сызып, оны бірден іске асырып жатырмыз деп айтуға болады. Үлбінің қос жағалауындағы екі ескі аудан да ұмыт қалмайды. Ол – қаламыздың рухани, тарихи бөлігі. Біз бірақ болашаққа қарай бет түзедік. Жаңа Өскеменді жасап шығару – енді сіз бен біздің қолымызда, – дейді Жақсылық Омар.
Оқи отырыңыз