Өскеменде ашық алаңда музыкалық куиз өтті
Фото — автордікі
Өскемен қаласындағы амфитеатрда 26 тамыз күні музыкалық куиз өтті. Ашық алаңда өткен шараның қатысушылары мен тамашалауға келгендер нөпірі көп.
Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған сайысқа ниет білдірген кез келген тұрғын қатыса алды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
– Мен – "Мозгобойня” ойыны франшизасының Өскемен қаласындағы иесімін. Бұл ойын көптеген қалада, әлем бойынша өтеді. Біз бұл ойынды апта сайын әртүрлі жерде өткіземіз. Бүгін алғаш рет ашық алаңда, көп адамға арнап, қала тұрғындары үшін тегін өткізіп отырмыз. Іс-шара Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Әкімдікке алғысымызды білдіреміз. Біз ұсыныс тастадық, олар оны Қала күніне орай іске асыруға көмектесті. Бұл – музыкалық викторина. Ойында музыка тыңдап, орындаушыны табамыз. Оның көңіл көтеруге арналған ойын ретіндегі мәні басым, – дейді ұйымдастырушы Руслан Абдрасулин.
Ауқымды кештің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы дайындалған сыйлықтар да қомақты.
— Бүгін 19 команда тіркелді. Қатысушылардың қатарында интернеттегі жарнама арқылы біліп келгендер, тұрақты қатысатын командалар бар. Бүгін қатысушылар қатары артты. Әдетте шамамен 12 команда қатысатын. Бүгін 19 команда қатысып жатыр. Бұл — көңіл қуантарлық жағдай. Көп сыйлық дайындадық. Демеушіміз 1-орын үшін 300 мың теңге, 2-орын үшін 200 мың теңге, 3-орын үшін 100 мың теңге бөлді. Сонымен қатар, өзге командаларға 50 мың теңге сыйақы беріледі. Өзге демеушілеріміз де сыйлық табыстайды, — дейді жоба менеджері Камилла Абдрасулина.