Кітапханада AI-AR көрме ашылды – Өскемен
Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ерекше AI-AR көрменің тұсауы кесілді. Көрменің ерекшелігі сол, мұндағы суреттер сөйлейді. Әне, заманауи технологияның құдіреті!
Облыс орталығындағы кітапхананың заман ағымына сай жұмыс істейтіні баршаға аян. Осыған дейін де оқырмандары мен қала тұрғындарын жаңашыл бастамаларымен қуантып жүрген руханият ордасы бұл жолы белгілі қаламгер Оралхан Бөкей шығармаларының желісімен салынған суреттерге жан бітірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Жазушы шығармалары – қылқаламмен» деп аталатын көрмеге суретші Болат Исин мен Бақы Урманченің 19 суреті қойылған. Осылайша Алтайдың Кербұғысы атанған классик жазушының таңдаулы туындылары оқырманға жаңа форматта жол тартты.
Оның айтуынша, көрмеге қойылған суреттердің сапасы жасанды интеллектің көмегімен жақсартылған. Суреттерге қарап тұрсаңыз бояуы қанық, бейнесі анық екенін аңғару қиын емес.
Жаңа форматтағы AI-AR көрме оқырмандардың да көңілінен шыққан. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша көрмені қызықтап келетін оқырмандар да аз емес. Оның үстіне мекеме қызметкерлері әр келген қонағына кітапхананы таныстырып, шағын экскурсия ұйымдастыруды да әдетке айналдырған.
AI-AR көрме кітапхананың тұрақты оқырмандарын ғана емес, өзге адамдарды да қатты қызықтырғанға ұқсайды. Оны әлеуметтік желіден көріп, сол үшін өңіріміздің түкпір-түкпірінен арнайы Өскеменге ат басын бұрған жандар да болған.
Өзгерген Өскемен
Бұл кітапханада өлке тарихын насихаттайтын тағы бір көрме ашылған. Ол да заманауи технологиямен үйлескен. «Өзгерген – Өскемен» деген атауға ие бұл көрме биылғы жыл басынан бері жұмыс істеп тұр. Мұнда облысы орталығының көне суреттері көпшілік назарына ұсынылған. Көрменің ерекшелігі де жоқ емес. Арнайы бағдарламаны ұялы телефонға жүктеп алып, фотосуретке жақындатса болды оған жан бітіп, сол суретте көрсетілген ғимараттың немесе нысанның қазіргі бейнесі пайда болады.
Өскеменнің ескі суретін сақтаған тұрғындардың да көрменің көркеюіне атсалысуына болады. Олардың қолындағы суреттерді де көрмеге қойып, жан бітіруге кітапхананың мүмкіндігі бар.