Өскеменде учаскелік полиция инспекторы алаяқтықтың алдын алды
ШҚО-да облыс орталығының тұрғыны қомақты қаражатынан айырылып қала жаздады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен қалалық полиция басқармасының ақпараты бойынша, ер адамға «банк қызметкерінен» қоңырау түскен. Бейтаныс жан оның атына 3 миллион теңге көлемінде шот қойылғанын және оны төлеу үшін банк картасының деректемелерін айтуды сұраған.
Қала тұрғыны алаяқтың талаптарын орындауға дайын болған, бірақ соңғы сәтте күмәнданып, учаскелік полиция инспекторына жүгінген.
Полиция капитаны Тілек Байжұманов ер адамды ешқандай мәлімет бермеуге көндіріп, оған хабарласып, ақшасын алдап алуға тырысқан алаяқтар екенін түсіндірген.
Жедел әрекет еткені үшін қала тұрғыны полицейге алғысын білдірді.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды қырағы болуға шақырады.
Айжанат Бақытқызы