Өскемендік қырағы зейнеткер алаяқтардың арбауына түспеді
Фото: Облыстық ПД баспасөз қызметінен
Белгісіз қоңыраудан күмәнданған зейнеткер учаскелік полиция инспекторына қоңырау шалған.
Қаланың 74 жастағы тұрғынының ұялы телефонына белгісіз адамдар қоңырау шалып, немересі апатқа ұшырағанын және оған көмектесу үшін шұғыл түрде белгілі бір ақша сомасын беруді талап еткен, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Абдырап қалған зейнеткер өзінің жиған-терген бар ақшасын жинап, ақшаны алып кететін адамды күткен. Бірақ, әлденеден секем алған егде жастағы әйел дереу күдікті қоңырау туралы өзі тұратын жердегі учаскелік полиция инспекторына хабарлайды.
Полиция аға лейтенанты Берік Маусеитов егде жастағы әйелді алаяқтар алдағанын бірден түсініп, оны ешбір жағдайда қаскүнемдерге ақша бермеуге көндірген. Полиция қызметкерінің қырағылығы мен жедел әрекет етуінің арқасында зейнеткер алаяқтардың арбауына түспей, ақшасы өзіне бұйырды.
Полиция барлық азаматтарды қырағы және мұқият болуға, сондай-ақ ешбір жағдайда бейтаныс адамдарға ақша бермеуді, жеке деректерін (аты-жөні, ЖСН, карта нөмірі, жеке куәлік нөмірі және т.б.) жария етпеуді және күмәнді қосымшаларды жүктемеуді ескертеді.
Жанаргүл Мұқатай