Өскеменде алаяқтар кәсіп ашпақ болған тұрғынды алдап соқты
Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғыны өз кәсібін ашуға бел буып, ақыры қолдағы бар қаражатынан айырылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ол қалалық полиция басқармасына арызданып, ақшасын екі адамның иемденіп кеткенін айтты.
Анықталғандай, ер адам таныстарымен бірге темір-терсек қабылдайтын пункт ашпақ болыпты. Ағымдағы жылдың мамыр айында ол әлгі таныстарының қолына 1 миллион 30 мың теңге ұстатқан. Алайда кәсіп ашу ісі осымен тоқтайды. Ақша да иесіне қайтарылмады.
Алаяқтық фактісіне күдікті ретінде облыс орталығының екі тұрғыны қамауға алынды. Олар өз кінәсін толық мойындап отыр. Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.